Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Істі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарауда. Бүгінгі сот отырысында сотталушылардың адвокаты істі қайта тергеуге жіберуді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сотта Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың қорғаушысы істе оларды күдікті деп тану қаулысы жоғын алға тартып, істі қайта тергеуге жіберуді сұрап, өтінішхат түсірді.
– Менің қорғуымдағы Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевқа қатысты оларды күдікті деп тану туралы қаулы қылмыстық істер жөніндегі құжаттарда мүлдем жоқ. Бұл ҚПК 64-бабына сәйкес, күдікті ретінде қаулы шығару прокурормен келісу қажет. ҚПК 202-бабына сәйкес, күдікті деп тану қаулы шығарылған сәттен бастап есептелінеді. Алайда бұл қылмыстық іс материалында күдікті ретінде тану туралы қаулы болмағандықтан, оның процессуалдық мәртебесі анықталмаған. Бұл күдіктіге қатысты қылмыстық қудалаудың заңды белгіленген тәртіп сақтамай басталғанын көрсетеді, – деді қорғаушы.
Айыпталушы прокурор өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Олар іс бойынша күдіктілердің барлығы күдікті ретінде танылғанын алға тартты. Судья Ержан Жанұзақов өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін айыпталушы Дархан Әскентай оқиға болған күні түсірілген видеоға қатысты жауап берді. Ол сол күні дүкенге сыра алуға барғанын, төбелеске қатыспағанын айтты. Керсінше, жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевты Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаевтан арашаладым деді. Сол уақытта Әскентайдың өзі бірнеше рет соққы алған. Оны Шынасыл ұрып жіберген.
Сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты қорғауындағы адамның фотосы желіде тарап кеткеніне шағым түсірді. Судья 4 сотталушы ғана түрін көрсетпеуді сұрағанын, Әскентай фотосын көрсетуге қарсылық білдірмегенін жеткізді. Оны айыпталушының өзі растады.
ЕСКЕРТУ
Cудья Ержан Жанұзақовтың блогерлер мен сотқа қатысушыларға ескерту жасады. Ол әлеуметтік желіде азаматтар өздерінің жеке субьективті пікірлерін білдіріп, баға беріп жатыр деді. Судья тергеу аяқталып, үкім шығып, заңды күшіне енгенге дейін пікір беруге рұқсат жоғын айтты. Ол сотқа құқықтық баға беру заңсыз екенін ескертті.
Автор: Есдәулет Қызырбек