Прокуратура адам органдарын заңсыз сату әрекетін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтөбе тұрғыны өз ішкі органдарын сатуды жоспарлаған. Заңсыз келісім туралы ақпарат прокуратураға түскен.
2025 жылдың 30 сәуірінде прокуратура бастамасымен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өз ішкі органдарын 15 миллион теңгеге сатпақ болған күдіктіні ұстады, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 116-бабының 1-бөлігі (адамның органдары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Ер адамның органдарын сатуға не түрткі болғаны нақты айтылмайды.
Бұған дейін Қазақстан ІІМ заңсыз орган саудасымен айналысқан күдікті қыз бен оның сыбайластарының ұсталғанын хабарлаған болатын. Олар елдегі медициналық мекемелерде заңсыз бизнес ұйымдастырған.