Ақтауда 13 жастағы жасөспірімнің өлімінен кейін хирург ұсталды

pixabay

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталды. Ол кәмелетке толмаған науқас қайтыс болғаннан кейін кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Маңғыстау облысы полициясының мәліметінше, тергеу облыстық балалар ауруханасында емделген баланың жағдайы күрт ауырлағаннан кейін басталған.

Тергеу барысында медициналық көмек көрсету кезінде емдеуді ұйымдастыруда, диагноз қоюда және емдеу тәсілін таңдауда бірқатар кемшілік жіберілгені анықталған.

Баланың жағдайы нашарлаған соң оны санитарлық авиациямен Алматыға жеткізген. Кейін жасөспірім қайтыс болды.

Іс аясында тергеушілер медицина қызметкерлерінен жауап алып, комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындады.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмаған баланы емдеу кезінде асқынуға ықпал етуі мүмкін кемшіліктер анықталған.

Хирург уақытша ұстау изоляторына қамалды

1 қазанда облыстық балалар ауруханасының хирургі Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібімен ұсталды.

Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.

Полиция тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Анасы дәрігер қателігі болуы мүмкін екенін айтқан

Бұған дейін Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова дәрігерлердің болжамды қателігінен кейін 13 жастағы ұлының жағдайы күрт ауырлап, кейін қайтыс болғанын айтқан еді.

Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі тексеру бастады.

Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан бірқатар заңбұзушылық анықталды.

Оқиғаға байланысты прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар Ақтау қалалық №2 емханасына экономикалық санкциялар қолданылды.