Шерзат ісіндегі сотталушы төбелес жайында: «Өз іс-әрекетімді дұрыс деп ойлаймын»

Ulysmedia
Ашық дереккөзден

Сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев өзінің төбелеске қатысқанын мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ол төбелеске араласуға мәжбүр болдым деді.

– [Өз іс-әрекетімді] дұрыс деп ойлаймын. Себебі ол бізге мылтық атты, – деді ол. 

Бұдан бөлек, Нұрбол Тоқтаубаев жауап беру кезінде «мен достарымды шақырмасам, Шерзаттың достары бізге соққы жасайтын еді» деген. 

Тоқтаубаев өзінің тергеу кезінде берген алғашқы жауабынан бас тартты. Ол тергеу кезінде полиция тарапынан қысым болып, азапталғанын айтты.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бүгінгі сот отырысында сотталушылар Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың қорғаушысы істе оларды күдікті деп тану қаулысы жоғын алға тартып, істі қайта тергеуге жіберуді сұрап, өтінішхат түсірді

Айыпталушы прокурор өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Олар іс бойынша күдіктілердің барлығы күдікті ретінде танылғанын алға тартты. Судья Ержан Жанұзақов өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА КҮНГІ ВИДЕО

Сонымен қатар, айыпталушы Дархан Әскентай оқиға болған күні түсірілген видеоға қатысты жауап берді. Ол сол күні дүкенге сыра алуға барғанын, төбелеске қатыспағанын айтты. Керсінше, жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевты Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаевтан арашаладым деді. Сол уақытта Әскентайдың өзі бірнеше рет соққы алған. Оны Шынасыл ұрып жіберген. 

Сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты қорғауындағы адамның фотосы желіде тарап кеткеніне шағым түсірді. Судья 4 сотталушы ғана түрін көрсетпеуді сұрағанын, Әскентай фотосын көрсетуге қарсылық білдірмегенін жеткізді. Оны айыпталушының өзі растады.

ЕСКЕРТУ

Cондай-ақ бүгін судья Ержан Жанұзақовтың блогерлер мен сотқа қатысушыларға ескерту жасады. Ол әлеуметтік желіде азаматтар өздерінің жеке субьективті пікірлерін білдіріп, баға беріп жатыр деді. Судья тергеу аяқталып, үкім шығып, заңды күшіне енгенге дейін пікір беруге рұқсат жоғын айтты. Ол сотқа құқықтық баға беру заңсыз екенін ескертті.

Соттың тікелей эфирін Ұлысмедианың YouTube-арнасынан көре аласыздар. 

Автор: Есдәулет Қызырбек