Алматыдағы метрода жолақысын төлеу жеңілдейді: жаңа әдіс енгізіледі

Сырым Қаржас
Алматы әкімдігі

Алматы метросында биыл күзге қарай турникеттер жаңартылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАЙЛАНЫССЫЗ ТӨЛЕМ

Әкімдіктің хабарлауынша, Алматы метрополитенінде турникеттерді жаңарту жұмыстары басталды.

Биыл күзге қарай жолаушылар жолақыны кіреберісте – Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay сервисі бар банк картасын немесе смартфонды құрылғыға тигізу арқылы төлей алады.

Бұған дейін банк картасымен касса арқылы немесе арнайы бір турникет арқылы ғана төлеуге болатын. Енді барлық бекеттегі турникет байланыссыз төлем жүйесімен жабдықталады.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Бұл жолаушылардың өту үдерісін едәуір жеделдетіп, жол жүруді әлдеқайда ыңғайлы етеді. Бұл жаңашылдық көлік картасын қолданбайтын немесе жетон сатып алуға уақыт жоғалтқысы келмейтіндер үшін өте қолайлы. Енді кезекте тұрудың қажеті жоқ – тек картаңыз немесе смартфоныңыз болса жеткілікті, – деп хабарлады әкімдік.

Еске салайық, бұған дейін Алмат әкімі Ерболат Досаев метрополитенді дамытуға арналған жоспарлары туралы айтқан еді. Досаев сол кезде тиімді шарттармен қаражат тарту үшін халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.