Қазақстанда мажарлық әскери тұтқындарының зираты табылды

Сырым Қаржас
pavlodarnews.kz

Екібастұзда, "Богатырь Көмір" ЖШС-нің көмір кенішінің аумағында 2023 жылы Ұлыбританиядан келген мердігерлерге құрылыс алаңы ретінде бөлінген жерде Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне тиесілі жерлеу орны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Аталған аумақтан шамамен 30 бетон тақта табылды, олардың екеуін анықтау мүмкін болған.

Алғашқы жазуларға компанияның жетекші гидрогеологы Нұрболат Құрманғалиев қызығушылық танытып, жазбаларды оқуға атсалысқан. Бастапқыда жазбалар ағылшын тілінде жазылған деген болжам болған, алайда шақырылған аудармашы бұл мәтіндердің мажар тілінде екенін анықтады.

– Екібастұзда мажарлар қайдан пайда болуы мүмкін деп іздене бастадым. Сөйтсем, бұлар Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен әскерилер екен, – деді Құрманғалиев.

МҰРАҒАТ ДЕРЕКТЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Мұрағат деректеріне сүйенсек, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Аустрия-Мажарстан армиясынан тұтқындалғандардың бір бөлігі Сібірге жер аударылған. Соның ішінде шамамен 5 000 адам Павлодарға жіберілген, олардың 700-ге жуығы Екібастұзға шахта жұмыстарына тартылған. Ауыр еңбек жағдайында біразы көз жұмып, сол жерде жерленген.

Тақтадағы жазуларды анықтау жұмысына павлодарлық археолог Иван Трухин да қосылды. Ол мәтінді аудару үшін жасанды интеллект алгоритмдерін қолданған. Табылған тақталардың бірі 1898 жылы туған, 1918 жылы қайтыс болған, будапешттік венгр Иосиф Селаси есімді тұтқынға тиесілі болып шықты.