Шарм-эль-Шейх әуежайында Қазақстан азаматы қаза тапты

Сырым Қаржас

Шарм-эль-Шейх әуежайындағы қайғылы оқиғадан Қазақстан азаматы қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

18 мамыр түнде Шарм-эль-Шейх халықаралық әуежайында (Мысыр) қайғылы жағдай болды. SCAT әуе компаниясының 5270 рейсімен Астанаға ұшпақ болған жолаушыларға жарты сағат қалғанда, №2 терминалдың күту залында ауыр металлдан жасалған жарнамалық тақта құлап кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, тақта адамдар отырған орынға құлаған. Бір адам қаза тауып, екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнында дүрбелең туып, адамдар айқайлап, зардап шеккендерге көмектесуге тырысқан.

СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia тілшісі бұл оқиғаға қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан ресми түсінік сұрады.

Смадияр бұл ақпаратты растады.

– Кеше Шарм-эш-Шейх әуежайының ұшу аймағында рейске отыруды күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнамалық қалқан құлап, қайғылы жағдай орын алды. Оқиға салдарынан Қазақстан Республикасының азаматшасы қаза тауып, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алды, – деді ол. 

Ведомствоның ресми өкілінің хабарлауынша, қаза тапқан әйелдің туыстарымен байланыс орнатылып, консул барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Жарақат алған екі әйелге медициналық көмек көрсетілген, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

МЫСЫР ТАРАПЫНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Мысыр тарапы Қазақстан азаматының қайғылы қаза болуына байланысты көңіл айтты. Мысырдың Азаматтық авиация министрі бұл оқиғаны жеке бақылауына алып, дереу оқиға орнына арнайы комиссия жіберді.

Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының елшілігі бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр.