Бірнеше қазақстандық журналиске Ресейге кіруге тыйым салынды

Сымбат Сатыбалдина
фото: 1prime.ru

Журналист Лұқпан Ахмедьяровқа, Рауль Упоровқа және Ирина Медниковаға Ресейге кіруге тыйым салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ресейге кіруге тыйым салынғанын Ахмедьяровтың өзі хабарлады. Оның айтуынша, оған және Упоровқа алдағы 50 жыл ішінде көрші елге баруға рұқсат жоқ.

– Біз Рауль екеуміз бұл елге онша ұмтылып жүрген де жоқ едік, – деп пікір білдірді Лұқпан Ахмедьяров.

Ол әзіл аралас түрде «ресейліктер мұны шынымен де жаза ретінде қарастыратын сияқты» деп қосты.

ҒАЛЫМДАРҒА ШЕКТЕУ

Бұған дейін Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге тыйым салған болатын. Ресейдің тыйым салынғандар тізімінде саясатпен еш байланысы жоқ, еліміздің түрлі университеттерінде жұмыс істейтін ондаған ғалым бар. Олардың бірі Азаттыққа берген сұхбатында Ресейге барған сапарында еш түсіндірместен елден шығарылғанын айтқан. Ол және әріптестері ғылыми зерттеулер үшін қажетті материалдар жинай алмай, кері қайтуға мәжбүр болған.

СМАҒҰЛОВ

Сонымен қатар, жемқорлықпен күресіп жүрген Дидар Смағұлов Ресейге өмір бойы кірмейтіндей өзіне шектеу қойылғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. Бірақ ол бұл шектеуді алып тастау үшін күресіп көрмек.