«Бұл – нағыз ұрлық»: депутат «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтеректің» сатып алуларын қатаң сынады

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов "Самұрық-Қазына" қорын тарату керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ЖҰБАНОВ НЕ ДЕЙДІ

Әділ Жұбанов әуелі кәсіпкерлік салада еңбек етпесе де байып кеткен адамдар көп екенін айтады.

Бір күн де кәсіпкерлікпен айналыспай, байып кеткен азаматтарды білем. Олар ұлттық компанияларда, мұнай-газ саласындағы компанияларда, ұлттық компанияларда еңбек еткен. Өзі де, отбасы да бірде-бір күн кәсіпкерлікпен айналыспай-ақ жағдайлары өте бай. Неге? квазимемлекеттік сектордың жағдайына қатысты сұрағым: мемлекеттік сатып алудың 60 пайызын бір көзден өткізген. Бізде соғыс немесе басқа да төтенше жағдайлар болып жатыр ма? “Самұрық-Қазына” 60 пайызын, “Бәйтерек” 50 пайызын бір көзден берген. Бұл деген бүкіл елдің ұлттық қазынасын, байлығын бір қолға алып беру деген сөз. Бұл – барып тұрған ұрлық. Айдың-күннің аманында, 50-60 пайызды бір көзден өткізу дейтін ол – меніңше, бірде-бір заңға келмейді. “Самұрық-Қазынаның” болуына қарсымын, бұрыннан бері айтып келе жатырмын. Ол таратылуы керек. ЖАП-тың осыған қатысты ұсынысы қандай? – деп сұрады Әділ Жұбанов.

АУДИТОР НЕ ДЕЙДІ

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов өздері де осы мәселені көтеріп отырғанын айтты.

Биыл сіздердің ұсыныстарыңыз бен қазіргі жағдайды ескере отырып, “Самұрық-Қазынаға” аудит жасалып жатыр. Оның шілдеде аяқтаймыз. Сол уақытта толыққанды баян етеміз. Бізді де осы мәселе алаңдатып отыр, – дейді ол.