Мысыр әуежайында жан тапсырған Қазақстан азаматының денесі бүгін елге жеткізіледі

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Мысыр әуежайында қаза тапқан қазақстандыққа қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, моральдық өтемақы мәселесі шешілген. Алайда ол нақты соманы атаудан бас тартты, мұны «дұрыс емес» деп түсіндірді, өтемақыны қай тарап беретінін де ашып айтпады.

Ең алдымен, қазаға байланысты көңіл айтамын. Алдын ала мәліметке сүйенсек, бүгін марқұмның денесі Қазақстанға жеткізіледі. Жұмыс жүргізіліп жатыр, консул оқиға орнында мәселені бақылауда ұстап отыр. Мысырдың азаматтық авиация министрі де көңіл айтты. Арнайы комиссия құрылды. Олар мәйітті жеткізуді өз мойнына алды, бұған қоса, шығынның бір бөлігі қазақстандық сақтандыру компаниясы арқылы жабылады. Моральдық өтемақы мәселесі шешілген. Ал оның сомасына қатысты пікір білдіру — орынсыз, — деді ол.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

17 мамыр күні Шарм-эш-Шейх әуежайында қайғылы оқиға болды. Жолаушылардың күту залында жарнамалық тақта құлап, соның салдарынан Қазақстан азаматшасы көз жұмды. Алғашқы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. 18 мамырда еліміздің сыртқы істер министрлігі оның қазасын ресми түрде растады. Египет тарапы оқиғаға байланысты тергеуді ерекше бақылауға алған.