Шерзат ісі: Басты сотталушы тағылған айыпты мойындамады

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia коллажы

Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Абзал Шынасыл өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол Шерзат Полатты өлтірмегенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

21 мамырда өткен сот отырысында Абзал Шынасыл тергеу кезінде «Шерзат Полатты өлтірдім» деп мойыныма алуға мәжбүр болдым деді.

 Мойныма алған себебім, біз Талғар қаласында полиция басқармасында болған кезімізде тергеушілер «бұны бір адам істеді. Бір адам мойындарыңа алмасаңдар қиын болады» деді. Сонымен бізді Қонаев қаласына этаппен алып кететін болды. Газельдің ішінде Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожев, Азамат Тоқтаубаев төртеуміз болдық. Сол кезде сөйлестік. Равиль Сәкиев: «Мынаны бір адам істеді. Бір адам мойындасын. Мойындамаса бәрімізге қиын болады» деді сол кезде. Сосын менде пышақ болғаннан кейін, өзімді қылмыс жасап, жасырғандай болмайын дедім де, іштей ойландым. Алсам ала салайын дедім. Қонаевқа келгеннен кейін ИВС-та бәріміздің басымыз қосылып, сөйлесіп үлгеріп қалдық. Сол кезде Нұрбол Тоқтаубаев «Абзал сенде пышақ болды ғой» деді. Мен көп ойланған жоқпын, «Шерзатты мойыныма аламын» дедім. Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болып шештік. Сөйтіп келіскен болатынбыз сол жерде, – деді Абзал Шынасыл сотта берген жауабында.

Ол оқиға болған күні қолында пышақ болғанын жоққа шығармады. Шерзат Полаттық ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына үш рет пышақ ұрдым деді. Бұл іс-әрекетін Ғайыпбаевтың өзіне қарсы мылтық атуымен байланыстырды.

БҰҒАН ДЕЙІН...

Бұған дейінгі сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеуде берген жауабының видеосы көрсетілген. Онда Ғайпбаев мылтық ұстамағанын, ешкімге атпағанын айтқан. 

Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжан 6 мамырдағы сотта берген жауабында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың оқиға болған күні өзіне және інісі Шерзат Полатқа кімнің пышақ салғанын суретте көрсетіп, айтты деген.

Нақты [жауап алу кезінде] Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатты Абзал Шынасыл, өзін Азамат Тоқтаубаев пышақтады деп сол кісілердің суреттерін көрсетті, – деген Әділжан.

Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Олардың бірі кәмелет жасына толмаған. Олардың басым бөлігі өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.