Ресей армиясынан 49 мың әскери қызметші қашып кеткен

Сырым Қаржас
фото: 24tv.ua

Украинаға қарсы үлкен басқыншылықты бастағалы бері Ресей армиясынан кемі 49 мың сарбаз бен офицер қашып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мұндай деректерді «Важные истории» басылымы жариялады. Олар бұл мәліметтерді екі дереккөзге сүйеніп ұсынған:

  • 2022-2024 жылдар аралығында Оңтүстік әскери округінде өз еркімен бөлімнен кеткендер туралы ашық база;

  • 2025 жылдың наурызында Украина қорғаныс министрлігінің әскери барлау жобасы – «Хочу жить» жариялаған, дезертирлік пен бөлімді өз бетінше тастап кеткені үшін Ресейде қылмыстық іс қозғалған әскери қызметкерлердің тізімі.

«Важные истории» редакциясы Ресей қарулы күштерінің 20-шы мотоатқыштар дивизиясынан дезертир болғандардың тізімін де қолға түсірген. Бұл тізімдегі адамдардың 65%-ы деректер базасымен сәйкес келген. Сонымен қатар олардың көпшілігінің есімі Ресейдің әскери гарнизон соттарының дезертирлік пен бөлімді тастап кету бойынша шығарған үкімдері арасында да кездеседі.

Ашық деректерге сәйкес, әскерилерді іздеуге берудің негізгі себептері – майдан шебінен өз бетімен кету, әскери бөлімнен қашу, емделуден немесе іссапардан соң қызметке оралуға бас тарту.

АНАЛИТИКАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ

«Важные истории» екі базаны біріктіріп, 49 001 адамның ортақ тізімін жасаған. Бұл көрсеткіш Frontelligence Insight атты украиналық OSINT-қауымдастықтың 2024 жылғы желтоқсандағы бағалауымен шамалас – олар Ресей армиясынан дезертир болғандар санын 50 554 адам деп көрсеткен, деп жазады DW.

Алайда «Важные истории» атап өткендей, бұл тізімге енгендердің барлығы бірдей әскери борыштан жалтарды деу қате. Базаларда техникалық қателер мен сәйкессіздіктер бар, сондықтан 49 мың адам деген сан — тек әскерден жалтару ауқымын шамалау үшін берілген бағыттаушы көрсеткіш.

«Прощай, оружие» жобасының аналитигі Алексей Альшанский де бұл базаларды зерттеп, онда барлық нақты дезертирлер қамтылмағанын алға тартады. Оның пікірінше, шынайы саны бұдан да көп болуы мүмкін.