Дүкендер енді банктердің бәріне ортақ QR-кодпен сауда жасайды

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, банктер мобильді төлемдердің банкаралық жүйесіне қосылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШОЛПАНҚҰЛОВ НЕ ДЕЙДІ

ҰБ өкілінің айтуынша, банктерге мобильді төлемдердің банкаралық жүйесіне қосылу міндеті көзделіп отыр. Сөзінше, бұл клиенттерге банкаралық QR төлемдер мен мобильді аударым сервистеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Біз банктердің өзара тиімді жұмыс істеуін, қаржы қызметтерінің қолжетімді болуын және бәсекелестікті дамытып, тұтынушы құқығының қорғалуын қамтамасыз етуді көздейміз. Сонымен бірге еліміздің қаржы секторының дербестігін нығайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

Банктердің қазіргідей өз QR-коды арқылы қызметі өзінде қалады. Сонымен қатар, қай банк болғанына қарамастан азаматтар дүкендерде бірыңғай QR-код арқылы ақша төлей алады.

ТАҒЫ ҚАНДАЙ ЖҮЙЕЛЕР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Ұлттық Банк ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компоненттерін іске қосқан. Олар:

  • Ұлттық төлем жүйесі,
  • Алаяқтық транзакцияларға қарсы ұлттық орталық,
  • Қашықтан биометриялық сәйкестендіру жүйесі,
  • Ашық банкинг және Цифрлық теңге платформалары.

Қазір қатысушылар санын көбейтіп, сервистерді ұлғайту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының мәртебесін, мақсаты мен міндетін бекітетін заңнамалық түзетулер әзірленген.