Қазақстанның жол компаниялары нарықтан ысырыла бастаған. Келісімшарттың көбін шетел мердігерлері алып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗАҚ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ НЕСІ КЕМ
Қазақстан жолшылары қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, отандық мердігерлер ірі тендерлерден шеттетіліп, олардың орнын шетел компаниялары басып жатыр. Баймағамбетов қазақстандық компаниялардың біліктілігі бола тұра осындай жағдай орын алып жатыр деп есептейді
ЖІЛІКТІҢ МАЙЛЫ БАСЫН КІМДЕР ҰСТАДЫ
2023 жылы Қызылорда-Жезқазған автожолын қайта жаңғырту жобасына жарияланған 8 лоттың бәрін қытай компаниялары жеңіп алған. Ал 2022 жылы алты лоттың тек біреуі ғана қазақстандық мердігерге бұйырған. Бағлан Баймағамбетов бұл үрдіс тұтас саланың жойылуына апарады деп алаңдайды: бүгінде жол құрылысы факультеттері жабылып жатыр, жас мамандар жетіспейді, ал тәжірибелі кадрлар біртіндеп мамандықтан кете бастаған.
Қызылорда-Жезқазған жолын жөндеу жобасына Азия даму банкі арқылы қаржы бөлінген. Жалпы инвестиция көлемі 300 миллион доллардан асады.
Қытай компаниясы салып жатқан тағы бір жоба – Қалбатау-Майқапшағай тас жолы. Халықаралық жол 2022 жылы толық пайдалануға берілуі керек еді. Алайда құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін бітпеген.