Танымал адвокат Джохар Өтебеков Алматы облысын экс-президент Назарбаевтың отбасына тиесілі аймақ әрі «ескі Қазақстанның сарқыншағы» деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Өтебеков бұл мәлімдемесін Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс талқыланған подкаст барысында айтты. Танымал заңгер Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде әлеуметтік және құқықтық жағдайлар күрделі екенін, алайда Алматы облысының жағдайы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өңір «ескі элитаның» жағымсыз мұрасы болып қалған.
– Барлығы бұл – бірінші президенттің отбасы билік жүргізген өңір екенін біледі және де бұл – сол «ескі Қазақстанның» сарқыншағы, жағымсыз мұрасы. Мұнда бұрыннан бері жемқорлық пен заңсыздық үстемдік құрған. Бұл әсіресе Алматының маңындағы аудандарға ауыр соққы болды. Қаскелең, Ұзынағаш, Өтеген батыр, Қапшағай – барлығы. Алматыны қоршаған барлық шет аймақтар мен ауылдар, – деді ол.
“БАҚЫЛАУ ЖЕТПЕЙДІ"
Өтебековтің пікірінше, Алматы облысында «қатаң бақылау» жетіспейді.
– Қазір біз жұмыс орындарын құру немесе инвестиция тарту туралы айтып отырған жоқпыз. Ең құрығанда қоғамдық тәртіп мәселесі шешілсін. Түнде ішімдік сату болмауы керек. Кәмелет жасына толмағандардың түнгі уақытта жаппай көлік жүргізуі болмауы тиіс. Шынайы қылмыскерлердің үйқамақта отырып, орталықтағы мейрамханада ішімдік ішіп, көлік еркін айдап жүруі түсініксіз. Патрульдік полиция қайда қарап отыр? Бұл – құқық қорғау органдарына да, жергілікті билікке де қойылатын орынды сұрақтар, – деп түйіндеді заңгер.
СОТ ОТЫРЫСЫ
Еске салайық, күні кеше Шерзат сотында істі зерттеу жалғасты. Істі Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда. 23 мамырдағы сот процесінде Шерзаттың мәйітіне сот-медициналық сараптама жасаған мамандардан жауап алынды.