Темірлан Еңсебек ісі: Алматы соты сатириктің шағымын қарайды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Алматы соты Qaznews24 сатиралық жаңалықтар жобасының негізін қалаушысы Темірлан Еңсебектің апелляциялық шағымын қарайды. Ол бұған дейін бес жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Oyan Qazaqstan қозғалысының белсенділері апелляциялық сот отырысы 27 мамыр күні сағат 15:40-та өтетінін мәлімдеді.

– Отырыс WhatsApp арқылы видеоқоңырау форматында өтеді. Істі Алматы қалалық соты қарайды. Үш судьядан тұратын алқа болады, бірақ олардың есімдері қала сотының төрағасының нұсқауымен жарияланбай отыр, – делінген хабарламада.

Наурызбай аудандық соты Еңсебектің смартфоны мен ноутбугын мемлекет пайдасына тәркілеп, Алматы полиция департаменті оның электрон поштасы мен WhatsApp аккаунтын бұзып кіріп, құпиясөздері мен қалпына келтіру кілттерін өзгерткен. Соған қарамастан, апелляцияны сол WhatsApp арқылы өткізу жоспарланған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 11 сәуір күні Наурызбай аудандық қылмыстық соты Темірлан Еңсебекті ҚР ҚК 174-бабы бойынша (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қоздыру) кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған еді.

Қылмыстық істің қозғалуының себебі — ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық жазба болған.