Ресейлік ғалымдар Қазақстанға жаппай көшіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресей мен Украина арасындағы соғыс ресейлік ғылыми мекемелерден бұрын-соңды болмаған деңгейде ғалымдардың кетуіне себеп болды. Жоғары білім және ғылым бойынша Германия зерттеу орталығының сарапшысы Андрей Ловаковтың зерттеуіне сәйкес, 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Ресей жыл сайын Scopus ғылыми дерекқорында тіркелген белсенді зерттеушілерінің шамамен 0,8 пайызынан айырылған (бұл дерекқорда ресейлік мекенжай көрсетілген 856 853 автор профилі болған), деп жазады moscowtimes.ru.
Соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда, ол уақытта жыл сайын 0,05%-дан 0,17%-ға дейін зерттеушілер шетелге кеткен, қазіргі көрсеткіш 4 еседен астам өсіп, 2000 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткен: сол кезде 0,88% зерттеуші елден кеткен болатын.
КӨШУ БАҒЫТЫ
Ресейден кеткен ғалымдардың басым бөлігі Германия, АҚШ және Швейцарияға қоныс аударған. Алайда дәстүрлі емес бағыттарға, атап айтқанда Қазақстан, Армения және БАӘ елдеріне қызығушылық артқаны байқалады. Сонымен қатар «дос» мемлекеттер саналатын Қытай мен Үндістанда әзірге ресейлік мамандар көптеп бармаған.
МАМАНДАР
Зерттеуде айтылғандай, ғалымдар ғылымның дерлік барлық салаларын қамтыған. Ең көп “шығынға ұшыраған” салалар — физика, астрономия, информатика және математика. Бұл салалар — ресейлік ғылымның дәстүрлі түрде мықты бағыттары.
Андрей Ловаковтың пікірінше, бұл деректер Ресейдің академиялық жүйесінде үдеп келе жатқан дағдарысты, елдің ғылыми және инновациялық әлеуетінің әлсіреуін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл үрдіс жоғары білім беру жүйесі үшін елеулі қиындықтар тудырып, Ресейдің әлемдегі ғылыми салмақтағы орнын төмендетуі мүмкін.