"Ойлайтын адам көп болса, билікке қиын": Досым Сатпаев елдегі басты үрдіс туралы айтты

Сырым Қаржас
фото: forbes.kz

Бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да көптеген құндылықтардың құнсыздануы байқалады. Бұл туралы саясаттанушы Досым Сатпаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сәтпаевтың айтуынша, бүгінде репутациялық капитал туралы жеке адамдарға ғана емес, тұтас мемлекеттерге қатысты да жиі айтыла бастады. Алайда ол Қазақстанда, әлемдегі сияқты, көптеген қоғамдық және адами құндылықтардың құнсыздануы жүріп жатқанын атап өтті.

– Мейірімділік – әлсіздік, ақыл мен білім – қажетсіз «ботаниктік» багаж, адалдық – аңғалдықтың белгісі, ал ар-ождан мен тәртіптілік – табысқа жетудегі кедергі секілді қабылданып барады, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, қазіргі қоғамда ар-намыс пен абырой адам өміріндегі бағдар болудан қалды. Олар керісінше, ескілік санаулы ұғымға айналып, жеке пайда бәрінен жоғары қойыла бастады.

Сәтпаев осы тақырыптарды бұған дейін де көтеріп жүрген белгілі режиссер Ермек Тұрсыновты еске салды. Ол жуырда Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеген еді. Тұрсыновтың айтуынша, билік оны елден ығыстырған.

– Өйткені билік үшін елде маңызды мәселелерді көтере алатын, түйткілді тақырыптар жөнінде ой қозғайтын адамдардың саны неғұрлым аз болса – соғұрлым жақсы, – деп мәлімдеді Сәтпаев.

Сәтпаевтың айтуынша, өзге елдердің тәжірибесі мемлекеттің сыртқы имиджі президенттің жеке PR-ымен ғана шектелмейтінін көрсетіп отыр. Соңғы 30 жылда Қазақстанда халықаралық бедел қалыптастыру үшін ЭКСПО, түрлі форумдар мен саммиттерге орасан зор қаржы жұмсалды.

– Алайда мемлекеттің шынайы имиджі жарнамалық бейнероликтер мен тапсырыспен жазылған мадақ мақалалардан құралмайты. Ол ең алдымен биліктің тиімділігіне, елдегі коррупция деңгейінің төмендігіне, билік пен қоғам, бизнес арасындағы сенімге, сот жүйесінің әділдігіне, халықтың басым бөлігінің әлеуметтік жағдайының жоғары болуына және биліктің дағдарыс кезінде жауапкершілікпен әрекет ете білуіне байланысты, – дейді саясаттанушы.

Бұл мәселелердің барлығын Сатпаев AuditoriumQZ жобасының жаңа шығарылымында Әсел Карауловамен бірге талқылаған.