Дания зейнетақы төлеу жағынан рекорд орнатты

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Дания ресми түрде әлемдегі ірі экономикалар арасында ең жоғары зейнет жасы белгіленген ел атанды. Ол жақта азаматтар 70 жасында зейнетке шығады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Осыған байланысты ЕО мен G20-ға мүше тағы 14 ел зейнет жасын көтеруге кіріскен.

Дания зейнет жасын 70-ке дейін ұлғайтып, G20 мен Еуроодақ елдері арасында рекорд орнатты. Бұл туралы РИА Новости ұлттық зейнетақы жүйелерін талдауға сүйене отырып хабарлады. Осылайша, Дания – зейнетке шығу жасы ресми түрде ең жоғары деңгейге жеткен алғашқы ел атанды.

Мұндай шешімнің басты себебі – халықтың қартаюы және зейнетақы қорларының тапшылығы. Көптеген дамыған елдер сияқты, Дания да демографиялық теңгерімсіздікке тап болды: елде егде жастағылар көбейіп, жұмыс істейтіндердің қатары азайып барады.

Айта кетейік, бұл шешім заңнамада алдын ала бекітілген. Дат зейнетақы жүйесінде зейнет жасы елдегі өмір сүру ұзақтығына «байланыстырылған»: халық неғұрлым ұзақ өмір сүрсе – зейнетке де соғұрлым кеш шығады.

Даниямен салыстырғанда басқа елдердің зейнетке шығу жасы әлдеқайда төмен: Австралия, Грекия және Нидерландта – 67 жас; Франция мен Словакияда – 64 жас; Швецияда – 63 жас; ал Үндістанда – 60 жас (алайда аймақ пен салаға байланысты өзгеруі мүмкін).