Қазақстанда өңір әкімдерін екі жыл сынау керек - депутат

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пікірінше, егер өңір әкімі екі жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарта алмаса, оны «тиімсіз жұмыс істегені үшін» қызметтен босату қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АУТСАЙДЕРЛЕР РЕЙТИНГІ

Бақытжан Базарбек бірнеше жыл бойы өңірдің кіріс деңгейін көтере алмаған әкімдер ел алдындағы жауапкершілікті сезінбейді деп есептейді.

- Өз кірісінің ең төмен үлесі Түркістан облысында – 17%, Жетісу – 21%, Солтүстік Қазақстан – 25%, Ақмола – 30%, Абай облысында – 31%. Бұл жай ғана статистика емес, бұл – осы өңір әкімдерінің елге деген нақты қарым-қатынасы. Неге тиісті шаралар қабылданбай отыр? Бұл – әкімдер инвестиция мен бизнеске жағдай жасамай отыр деген сөз. Жемқорлықпен күрес те жеткіліксіз. Инновация енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау да мардымсыз, – деді депутат.

ӘКІМДЕРДІ ЕКІ ЖЫЛ СЫНАУ

Сол себепті ол облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қала әкімдеріне екі жылдық сынақ мерзімін енгізуді ұсынады.

— Осы уақыт ішінде мынадай макроэкономикалық көрсеткіштерді бағалау қажет: кіріс деңгейі, салық жинау тиімділігі, индустриялық-инновациялық жаңалықтар, стартаптар саны, өңірдің экономикалық өсім рейтингі, инвестициялық тартымдылық деңгейі мен рейтингі, тартылған инвесторлар саны, құрылған жұмыс орындары мен нақты іске қосылған өндірістік нысандар. Егер нәтиже болмаса – әкім қызметтен кетуі тиіс. Біздің халқымыз осындай нақты әрі батыл тәсілді күтіп отыр, – деді Базарбек.

Сондай-ақ депутат қазақстандықтар әкімдердің жұмысын өздері бағалай алуы үшін елдегі инновациялық және инвестициялық белсенділік деңгейін көрсететін ашық карта әзірлеуді ұсынды.