Қазақстандағы бағаларды Нью-Йоркпен салыстыру: нәтиже көңіл көншітерлік емес

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Өмір сүру құны бойынша жасалған рейтингте Қазақстан 139 елдің ішінен 114-орын алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2025 жылға арналған өмір сүру құны рейтингінде Қазақстан 139 елдің ішінде 114-орынға тұрақтады. Өмір сүру құны индексі азық-түлік, көлік, коммуналдық қызмет секілді тұтынушылық тауарлар мен қызметтердің салыстырмалы бағасын көрсетеді. Бірақ ол тұрғын үй шығындарын — яғни, жалдау ақысы мен ипотекалық төлемдерді қамтымайды. Индекс елдердегі бағаны Нью-Йорктегі бағамен салыстырады. Нью-Йорк бұл есепте 100% негіз ретінде алынады. Мысалы, егер бір елдің индексі 120 болса, онда бұл елдегі күнделікті шығындар (тұрғын үйсіз) Нью-Йоркке қарағанда 20% жоғары деген сөз. Мұндай деректерді Finprom сарапшылары ұсынды.

ҚАЗАҚСТАН ИНДЕКСІ

Қазақстанның өмір сүру құны индексі – 26,6. Бұл көрсеткіш елдегі баға Нью-Йоркпен салыстырғанда 73,4% төмен екенін білдіреді. Азық-түлік бағасының индексі – 27,4, мейрамханадағы баға индексі – 28, жергілікті сатып алу қабілеті индексі – 50,8. Соңғысы өңір халқының орташа жалақысына сәйкес сатып алу мүмкіндігін көрсетеді.

– Мысалы, 50,8 деген индекс Қазақстан тұрғындары Нью-Йорк тұрғындарынан 49,2% азырақ тауар мен қызмет сатып ала алады дегенді білдіреді, дейді сарапшылар.

БАҒАНЫҢ ӨСУІ

2025 жылдың сәуір айында елдегі тауарлар мен қызметтер бір айда 1,2%-ға, ал бір жыл ішінде 10,7%-ға қымбаттады. Жекелеген санаттарға келсек:

  • азық-түлік пен алкогольсіз сусындар – 8,3%-ға,
  • киім мен аяқ киім – 11%-ға,
  • тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және өзге де отын түрлері – 15,8%-ға,
  • денсаулық сақтау қызметтері – 14,8%-ға,
  • көлік қызметтері – 7%-ға,
  • байланыс қызметтері – 17,3%-ға,
  • мәдениет пен демалыс қызметтері – 16,8%-ға,
  • тұрғын үй жалдау ақысы – 15,3%-ға,
  • мейрамхана мен қонақүй қызметтері – 12,6%-ға өскен.

ЖАЛАҚЫ

2025 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа айлық номиналды жалақысы 423,1 мың теңге болды (ресми деректер бойынша). Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға жоғары. Алайда инфляцияны есепке алғанда, жалақының нақты сатып алу қабілеті бар болғаны 1,2%-ға өскен. Өңірлік тұрғыда ең жоғары жалақы Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында тіркелсе, ең төмен жалақы Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Жамбыл облыстарында байқалды.