Шерзат Полаттың сотындағы жарыссөзде сотталушылар сөз сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“НҰРБОЛДЫ ШАҚЫРҒАНЫМА ӨКІНЕМІН”
Әуелі сөйлеген сотталушы Дархан Әскентай сол кезде Шерзатпен төбелесіп, достарын шақырған. Ол достарын шақырғаны үшін өкінетінін айтты.
Сол жерде болғаным, звандағаным рас. Істеген іс-әрекетім мен видеоматериалды қарасаңыз, мен ешкімге қол көтермедім, теппедім, қолымда пышақ болмады. Досым Нұрболды шақырғаныма өкінемін. Төбелес болып кететінін кім білген? Осы оқиғаға себепші болған Қаржаубай мен туралы жалған ақпарат беріп, балалар келгенде пышақ шығарып, агрессия танытпағанда Шерзат келген балалардың біреуін ұрмағанда мұндай төбелес орын алмаушы еді. Ерегес бастаған, пышақ пен қару дайындаған Қаржаубай 293-баппен соттауды сұраймын, – деді ол.
“ТЕПКЕНІМДІ ҒАНА МОЙЫНДАЙМЫН”
Равиль Сәкиев жәбірленуші тараптан шын көңілден кешірім сұрайтынын, тергеуде де, сотта да Нұрқанатты екі-үш рет тепкенін мойындайтынын айтты. “Шын жүректен өкінем” деді. Сол үшін әжесінен кешірім сұрады.
Мені қылмыстық кодекстің 293-бабы, 24-бабы, 99-бабымен айыптайды. Нұрқанат бірінші берген жауабында ол маған пышақты Азамат салды деген. Екіншісінде Нұрқиия салды деген. Менімен беттестіру кезінде 2017 жылдан бері танитынын айтқан. Арамызда бас араздығы жоқ еді. Мен басқамен шатастыруы мүмкін емес. Мен мылтық жайлы айтқан кезде мен “пышақты сен салды деп айтамын” деді. Ауыр қылмыс жасасам, полицияға барайық демес едім. Қолымда ешқандай суық қару болған жоқ. Мен мылтық атылған кезде ашуланып оны екі-үш мәрте тептім. Істегеніме өкінем. Беттестіруге дейінгі 22-23 күн бойы менің атымды айтпай, беттестіру кезінде ғана айтып, жәбірленушінің анасына да “осы баланы көрсет” деп айтып кетті. Қаржаубайға да. Қаржаубай осында “мен көрген жоқпын” деп шынын айтты. Ол үшін рақмет! Тағылған айыппен келіспеймін. Тепкенімді мойындаймын. Істеген іс-әрекетімді 293-баппен ғана қарайсыз деп ойлаймын, – деді ол.
“ДАРХАН КӨМЕК СҰРАДЫ”
Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев та сөзін отбасыдан кешірім сұраудан бастады.
Марқұмның жатқан жері жайлы болсын. Өкінем. Тергеу барысында өз кінәмді жартылай мойындаймын. Ешқандай қылмыс жасау ниетім болған жоқ. Менен Дархан көмек сұрады. Оның жайын білуі үшін бардым. Ешқандай күш қолданған жоқпын. Мен екеуін татуластырып, Дарханды алып кетуді ғана ойладым. Туған бауырым Азамат пен Шыңғысты ғана шақырдым. Мен жәбірленуші Нұрымовты сабырға шақырып, мәселені жанжалсыз шешуге тырыстым. “Хуторскиймін, денсаулығын балаң қояды” деген сөзді айтқан жоқпын. Олай десем, Қаржаубай маған емес, неге Дарханға пышақпен жүгіреді? Қолымда пышақ болған жоқ. Азаматтың төбелеске еш қатысы жоқ. Пышақ онда да болмаған. Жәбірленуші Ғайыпбаев мылтықты бізге қарата атқаннан кейін екі рет тептім. Сол үшін кешірім сұраймын. Маған 293-бабының 3 бөлігі деп прокурор айып тақты. Онымен келіспеймін. Шерзат Полаттың өліміне Нұрымов Қаржаубайды күдікті деп танып, қылмыстық іс қозғауды сұраймын. Төбелесте Дидар Қалиахметті көрмедім. Балалардың қолынан пышақты да көрмедім. Құрметті сот, сізден әділеттілік пен мейірім сұраймын, – деді ол.
“МАҒАН ЖАЛА ЖАБЫЛЫП ТҰР”
Азамат Тоқтаубаев 7 жылға сотталған. Ол сотта судьяға тыңдап отырғаны үшін алғысын айтты.
Мен сол түні үйде болғам. Үйқамақта. Денсаулығыма байланысты дәріханаға бару керек болды. Кенет Шыңғыс сол кезде келіп қалды. Екеуміз Талғарға түсіп қайтайықшы деп өтіндім. Жөргек алуға бара жатқан едім. Сол кезде маған өзімнің көршім Нұрқияс хабарласып, кафеде отырғанын айтты. “Мені алып кетіңдерші” деді. Алып кетпек ниетте барған едік. Адамдар тобын құрып, бұзақылық жасау пиғылы болған жоқ. Шыңғысқа ағам хабарласыпты. Төбелес, пышақ дегенді білмеппін. Ағамның жағдайын білуге бардым. Қолымда қару-жарақ, пышақ болған жоқ. Беттестіру кезінде Нұрқанаттан тергеуші “Азаматтың қолынан не көрдің?” деген кезде “бабочка” дейді. Ал мұнда прокурор “ас пышағы” дейді. Мен соны түсінбедім. Сол сөзден-ақ маған жала жабылып тұр. Істі болдым. 7 жылға сотталғанымды өмір бақиға сотталғандай болып тұр. Бәрін түсініп тұрмын. бала қайтыс болды. Туған ағамның атынан кешірім сұраймын. Сол жерге барғаныма қатты өкінемін. Ағамның жағдайын білу үшін ғана бардым, – деді ол.
Азамат Тоқтаубаев өзін қоғамға қауіпті тұлға деп есептемейтінін жеткізді. “Бұл жағдай маған үлкен сабақ болды. Осы оқиғадан кейінгі ішкі арпалысым кез келген жазадан ауыр. Мен бір сәттік қателік болды. Бір жасқа толмаған балам бар. Әйелім бала тәрбиесімен үйде отыр. Жалғыз асыраушымын. Сотта жасаған қателігімді іштей жүз рет мойындадым. Біз ешқандай “халық жауы” емеспіз” деді ол.
ЖАСӨСПІРІМНІҢ ЖАУАБЫ
Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ адокаты айтқан сөзбен толық келісетінін, 4 қазанда сағат түсте ғана қылмыстың болғанын білгенін жеткізді. Өзін сотта ақтауды сұрады. Сотталушыларды бұрыннан танитынын жеткізді.
“ҚАРЫЗДЫ ӨМІР БОЙЫ ЖҰМЫС ІСТЕСЕК ТЕ ӨТЕЙ АЛМАЙМЫЗ”
Сотталушы Шыңғыс Белғожаев осы оқиға бойынша сол жерге барып, болған жағдайға араласып, ұрып-соққаны үшін жәбірленушілерден кешірім сұрады. Болған оқиғаға қатты өкінетінін жеткізді.
Құрметті сот, біз ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Қасақана төбелесеміз деген ойымыз болмаған. Мұндай оқиға орын алады деп ойламадық. Бізді мылтықпен күтіп отырғанын білгенде сол жерге мүлде жоламайтын едік. Қаржаубай Нұрымов өткендегі сотта “Шыңғыс мені пышақпен қуалады” деді. Жалған сөйледі. Мен ол кісіні дүкеннің алдынан кейін мүлде көрген емеспін. Ондай жағдай болған жоқ. Мені бәрі бәкінің сабымен ұрып жатыр деп ойлады. Жұдырықпен ұра алмағандықтан, қолым жараланғаннан кейін солай қол шетімен ұрдым. Шерзат Дарханды ұрмағанда, Қаржаубай қолына пышақ алмағанда, Шерзат Нұрқиясты бірінші болып ұрмағанда, Нұрқанат мылтық атпағанда мұндай жағдай болмас еді? Бәріміздің баратын жеріміз бір. Ажалы келгенде қамшының сабындай ғұмырда бәрі өмірмен қоштасады. Біздің оқиға аяқ асты, ойламаған жерде орын алды. Думан арамызда еш жазықсыз қамалып отыр. Дидарды мүлде танымадым. Темірторда ғана көріп отырмын. Біз ешқандай депутаттың, әкімнің, соттың балалары емеспіз. Қарапайым отбасынан шыққан адамдармыз, – деді ол.
Белғожаев Қаржаубай Нұмыровты қылмыстық кодекстің 293-бабымен жауапкершілікке тартуды сұрады. “Біз төлейтін сома 660 млн теңге шығып тұр. Осы жердегі тоғыз адам өміріміздің соңына дейін мұндай ақша таба алмаймыз. Сондықтан осы өтінішхатты қанағаттандырмауды сұраймын” деді ол.
“СОҒЫСУ ҮШІН БАРҒАН ЖОҚПЫЗ”
Нұрқияс Ілиясов Қаржаубай мен Гүлбарам ханымнан шын жүректен кешірім сұрайтынын жеткізді.
Мұндайды ешкімнің басына тілемеймін. Барғаныма қатты өкінемін. Ол оқиғада Шерзат марқұм мені ұрды. Екіншіден ағасы бізге мылтық атты. Марқұм атпағанда Шерзат марқұм ұрмағанда… Мен сөйлесу мақсатында барғанмын. Мен Дарханды танымаймын. Нұрбол шақырып жатыр деген соң ғана бардым. Соғысу үшін емес, мән-жайды білу үшін ғана бардым. Еш арам ойым болған жоқ. Құрметті сот, сізден сұрайтыным – әділ жаза. Әділ жазаны берсеңіз. Мен Шерзатқа қолымның ұшы тиген жоқ. Тек Нұрқанатты ұрдым, – деді ол.
Сотталушы Дидар Қалиахмет төбелесті арашаламағаны үшін кешірім сұрады. “8 ай бойы ата-анама, жарыма келтірген қиындық үшін, халықтан қарғыс естігендері үшін кешірім сұраймын. Әділ шешім сұраймын. Прокурорлар айыптау актісін өзгерткен жоқ. Мен ол жерде төбелескен жоқпын. Сіздер дәлелдеген жоқсыздар. Әділ шешім шығаруларыңызды сұраймын” деді ол.
БАСТЫ АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ СӨЗІ
Абзал Шынасыл Қаржаубайдың отбасынан кешірім сұрады.
Бұйрық боп тұр деп ойлаймын. Бәрі Алланың қалауымен болып тұр. Шерзатты өлтірсем, бірден мойындаймын. Ақиқатты айттым. Жауабымды не үшін өзгерткенімді. Бір қателігім – намысқа беріліп, мойныма алғаным. Мен жазадан қорықпаймын. Әділ шешім сұраймын. 106 баппен жаза тағайындауды сұраймын. Барша қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. БАҚ-та, желіде “байдың баласы, депутаттың баласы” деп жатыр. Жалғыз анам бар. Шерзатты өлтірген мен емес. Кім істегенін де айта алмаймын. Рақмет! – деді ол.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себеб жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев марқұмның әкесі, анасы мен әжесіне сұралатын моральдық өтемақының мөлшерін айтты. Жәбірленушілердің сотталушылардан сұрап отырған жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады.
Кешегі жарыссөзінде прокурор Дана Сәрсенбай сотталушыларды 7-23 жыл аралығында соттауды сұрады.