Бектеновпен араз емессіз бе – Смайыловқа өзі күтпеген сұрақ қойылды

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Мәжіліс кулуарында журналистердің бірі жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловқа "үкімет басшысы Олжас Бектеновпен араңызда суықтық бар ма?" деп тосын сұрақ қойды.

Журналистер Смайыловтан “не себепті Бектенов журналистердің алдына шықпайды?” деп сұраған. Бұл сұраққа Смайылов өзі жауап бере алмайтынын, әркім өз жұмысына жауапты екенін, өзі премьер болған тұста журналистердің сұрағына жауап беруді жұмысының бір бөлігі санағанын айтты. Үкіметтің жұмысын жақсы деп бағалады.

Алайда тілшілер мұнымен тоқтамай “кейбір БАҚ сіз және Бектеновтің араларыңызда араздық бар деп жазады, бұл рас па?” деп сұрады.

Меніңше, арамызда ешқандай елеулі келіспеушілік жоқ. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Мен оның жұмысын да, өзін де – адам ретінде қолдаймын. Ал ақпарат құралдарында біреулердің арқан тартысып жатқандай көрсетуі – соны ұйымдастырып жүргендердің өз проблемасы. Біз бір мақсатқа жұмыс істеп отырмыз деп санаймын. Жоғары аудиторлық палата – үкіметтің сыншысы емес, серіктесі, – деді ол.

Еске салайық, 2024 жылы Олжас Бектенов Қазақстанның премьер-министрі қызметіне келіп, бұл лауазымда Әлихан Смайыловты алмастырған. Кейін Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы болып тағайындалып, бұл қызметте Наталья Годунованың орнына келген еді.