Қазақстанда ерлердің айлығы әйелдердікінен жылдамырақ өскен

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Үшінші жыл қатарынан ер адамдардың жалақысы әйелдердікіне қарағанда жылдамырақ өсіп келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2024 жылы шағын бизнесті есептемегенде, жалпы экономика бойынша ер адамдардың номиналды орташа айлық жалақысы 468,9 мың теңгені, ал әйелдердікі – 344,5 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш ерлерде номиналды түрде 12%-ға, әйелдерде 10,7%-ға артқан (нақты мәнде – тиісінше 3% және 1,8%), деп жазады Datahub. Ерлердің көрсеткіші үшінші жыл қатарынан әйелдерге қарағанда жылдамырақ өсіп келеді – сәйкесінше, үшінші жыл қатарынан гендерлік алшақтық та біртіндеп артып жатыр. Қазір барлық сала мен қызмет түрлері бойынша ер адамдардың орташа жалақысы әйелдердікінен 36%-ға жоғары.

МАМАНДЫҚТАР

Бұл алшақтық біліктілік деңгейі жоғары мамандықтар санатында да байқалады. Мәселен, «басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер» тобында ерлердің жалақысы әйелдерден 38%-ға артық (776,3 мың және 561,9 мың теңге), ал «кәсіби мамандар» тобында – 36%-ға жоғары (538,5 мың және 395,3 мың теңге). Айта кетсек, «кәсіби мамандар» дегенге бағдарламашылар мен аудармашылардан бастап, дәрігерлер мен заңгерлерге дейінгі түрлі білікті мамандықтар кіреді. Бұл ретте әйелдердің үштен үш бөлігі білім беру және денсаулық сақтау/әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Ер адамдар арасында да осы салаларда жұмыс істейтіндер аз емес, бірақ олардың үлесі едәуір төмен – 41%.

ТӨМЕН ЖАЛАҚЫ

Білім беру саласындағы кәсіби мамандар арасында әйелдердің орташа жалақысы – 360,2 мың теңге, ал ерлердікі – 370,6 мың теңге. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында бұл көрсеткіш – әйелдер үшін 370,2 мың теңге, ерлер үшін 413,6 мың теңге. Алайда бұл салаларда орташа жалақының өсімі (2023 жылмен салыстырғанда 5–6,5%) бағаның 8,7%-ға өсу қарқынына ілесе алмады. Сәйкесінше, 2024 жылы білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ерлер мен әйелдердің нақты жалақысы сәл төмендеді.