Талғарда кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮКІМ
Сотта төрелік жасаған судья Ержан Жанұзақовтың үкімімен Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған Абзал Шынасыл қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 24-баптың 3-бөлігі (қылмыс жасауға дайындалу және қылмыс жасауға оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 23 жылға сотталды.
Басқаларына үкім оқылып жатыр.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себеб жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев марқұмның әкесі, анасы мен әжесіне сұралатын моральдық өтемақының мөлшерін айтты. Жәбірленушілердің сотталушылардан сұрап отырған жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады.
Кешегі жарыссөзінде прокурор Дана Сәрсенбай сотталушыларды 7-23 жыл аралығында соттауды сұрады.