«Абзал аузынан қағылды»: адвокаты 23 жылдық жазамен келіспей, шағым түсірмек

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Әбенов 23 жылдық жазамен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ

Шешіммен ешкім келіспейді. Әділетсіздік бар екенін бүкіл халық біліп отыр. Оны қайталаудың қажеті жоқ. Барлығын ютубтан көріп отырсыздар. Біз айтар сөзімізді сотта айттық. Енді қалғанын апелляцияда айтамыз. Келесі қадам – апелляция, – дейді ол.

Әбенов “Қаржаубай пышақты өзі пайдаланды немесе түсіріп алған пышағын біреу пайдаланды, я болмаса өз қолынан кездейсоқ кіріп кетуі мүмкін” деді. 

Абзалдың бұл жерде ешқандай жазығы жоқ. Ол басында аңқаулықпен шындығында мойнына алды. Ал негізі не екенін өзі айтып берді. Ал оған сот сенген жоқ. Біздің мемлекетте адамға мойындату, айтқызу оп-оңай. Айтты да, аузынан қағылды, – деді Әбенов сот залынан шыққаннан кейін журналистерге.

Талғарда кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесіне бүгін нүкте қойылды.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себеб жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев марқұмның әкесі, анасы мен әжесіне сұралатын моральдық өтемақының мөлшерін айтты. Жәбірленушілердің сотталушылардан сұрап отырған жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады.

Жарыссөзде прокурор Дана Сәрсенбай сотталушыларды 7-23 жыл аралығында соттауды сұрады.