Түркияда Құрбан айт мерекесінде 14 мыңнан астам адам жарақат алды

Аян Өрібай
Pixabay.com

Түркияның түрлі қаласында Құрбан айт мерекесі кезінде 14 мыңнан астам адам жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Елдің денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлу әлеуметтік желідегі X парақшасында құрбан шалу рәсімі кезінде 14 мыңнан астам адамның түрлі жарақаттармен ауруханаларға жүгінгенін мәлімдеді.

Жарақат алғандар саны бойынша Анкара алда — 1 049 адам, одан кейін Ыстанбұлда — 753 адам, Конья қаласында — 655 адам тіркелген.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Құрбан шалу кезінде жарақат алған 14 372 адам медициналық мекемелерімізге жүгінді. Біз құрбан шалу рәсімін тек кәсіби мамандар орындауға тиіс екенін тағы да ескертеміз және бұл рәсімді әлі өткізбеген азаматтарымызды сақ болуға шақырамыз. Барша жарақат алған жандарға Алла шипасын берсін, тез сауығып кетуін тілеймін, – деп жазды Мемишоғлу.

ҚҰРБАН АЙТ

Құрбан айт — ислам дініндегі ең маңызды діни мейрамдардың бірі. Ол Зүл-хижжа айының 10-күні басталып, үш күнге созылады. Бұл мейрам Меккедегі қажылықтың аяқталуына сәйкес келеді және мұсылмандар үшін үлкен рухани мәнге ие.

Құрбан айт кезінде мұсылмандар Алланың разылығы үшін мал (қой, ешкі, сиыр, түйе) шалып, оның етін үшке бөліп таратады: бір бөлігі – өз отбасына, екіншісі – туған-туыстар мен көршілерге, үшіншісі – мұқтаж жандарға беріледі. Бұл амал – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың ұлы Ысқақты Алла разылығы үшін құрбан етуге дайын болған оқиғасына негізделген.

Мейрамның негізгі мақсаты – иман, қайырымдылық, бауырмалдық пен ынтымақтастықты арттыру. Құрбан айтта мұсылмандар ерте тұрып, айт намазын оқып, бір-біріне амандық-саулық тілеп, туыстық қатынастарды нығайтады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан айтқа қатысты мәлімдеме жасаған еді.