Қорғаныс министрлігі Қазақстанда әскерге шақырылушыларға қатысты кезекті рейдтерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Кеше әлеуметтік желіде жас жігіттерді күшпен жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан сәт түсірілген видеолар тарады.
Қазақстандықтардың бұған наразылық білдірді. Қорғаныс министрлігі елімізде мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын белгіленген тәртіппен жүргізілетінін мәлімдеді.
– Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды. Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуімен байланысты. Егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Рейдтер кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады, – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, шақыру пунктілерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді.
– Мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Осыған байланысты, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа ережесі бекітілгенін хабарлаған едік.