Қазақстанда темекі тағы қымбаттайды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Қазақстанда темекі тағы қымбаттайды. Қаржы министрлігі темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағаларын көтеруге қатысты бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Министрлік фильтрлі және фильтрсіз темекіге, папиросқа, сигариллаға және қыздырылатын темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы бұйрыққа түзетулер енгізіп жатыр.

– Жобаның мақсаты – фильтрлі және фильтрсіз темекіге, папиросқа, сигариллаға және қыздырылатын темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағаларын арттыру. Ұсынылған өзгеріс темекі өнімдеріне қатысты салық және баға саясатын тиімді жүргізуге бағытталған, – делінген құжатта.

Министрлік бағаны көтеру арқылы Қазақстанда темекінің таралуы мен тұтынуын азайтуды да көздеп отыр.

Қаржы министрлігінің бұйрығына енгізілетін түзетулер 19 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.