Шерзат Полат ісімен сотталғандар бостандыққа қашан шығуы мүмкін

Сырым Қаржас
скриншот

Шерзат Полат сотында жәбірленушілердің құқығын қорғаған адвокат Бағдагүл Әжіғалиева іс бойынша сотталғандар апелляция үкімді күшінде қалдырған жағдайда қашан шығуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналист Жан Ахмадиев өткізген тікелей эфир барысында оқырмандардың бірінен “сотталғандар ерте шығып кетпей ме?” деп сұрақ қойды.

Мерзімінен бұрын шығу үшін сот белгілеген азаматтық талап толығымен өтелуі керек. Өтелмеген жағдайда олар шыға алмайды. Екінші талап – ауыр қылмыс бойынша сотталғандар жазасының жартысын, ал аса ауыр қылмыс жасады деп танылған Шынасыл мен Сәкиев жазасының үштен екісін өтеуі керек. Ол шешімді сот қабылдайды. Ол бағытта да сот процесі болады. Жәбірленушілердің пікірі сұралады, – деді адвокат. 

Сонымен бірге, мерзімінен бұрын босап шығуы үшін түзету мекемесі басшылығының да оң мінездемесі керек.

ҮКІМ

Биыл 5 маусымда Талғарда кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесіне нүкте қойылды. Судья Ержан Жанұзақов прокурор сұрағандай сотталушыларға 1,5-23 жыл аралығында түрмелік үкім кесті.

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себебі жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев марқұмның әкесі, анасы мен әжесіне сұралатын моральдық өтемақының мөлшерін айтты. Жәбірленушілердің сотталушылардан сұрап отырған жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырды.