Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы «президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады» деп айыпталып, 1 жыл 8 айға сотталған Қосай Маханбаевтың қаржы министрлігінің үстінен түсірген шағымы бойынша апелляциялық сот басталды. Істі Қарағандының Бұқар жырау аудандық соты қарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ЖАУАПТЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ»
9 маусымда өткен сот отырысында сот тараптарды тыңдады. Адвокат Айнара Айдарханова сот үкімі күшіне енсе де Қосай Маханбаевтың қамаудан дер кезінде босатылмағанын алға тартты. Оның сөзінше, бірінші сатыдағы сот Маханбаевты 1 жыл 9 айға соттаса, апелляциялық сот бұл мерзімді 1 жыл 8 айға азайтқан.
Не себепті бұл істе жауапты қаржы министрлігі? Себебі олар қаржы бағдарламасының әкімшісі болып табылады. Егер олар бұл жерде кінәлі қылмыстық атқару комитеті немесе ішкі істер министрлігі деп есептейтін болса, онда олар регрестік жағдайда олардан [талап етілген өтемақыны] өндіріп ала алады. Сол себепті өтінішті толыққанды қанағаттандыруды сұраймыз, – деді адвокат.
«ҚАМАУДА ҰСТАУҒА ҚҰҚЫҚТАРЫҢ ЖОҚ»
Қосай Маханбаевтың апелляциялық сот қаулысы шыққанын біле тұра қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері өзін уақытында босатпағанын айтты. Оның сөзінше, қаулыны қорғау тарапы изоляторға өздері алып барған. Оған дейін мемлекеттік органдардың ешқайсысы, ешқандай іс-әрекет жасамаған.
Мені сот қаулысы шыққан күннің ертеңінде де босатқылары келмеді. Оны менің сол кездегі адвокатым Айдынғали Айдарханов та растай алады. Мені бес күннен кейін бірақ босатқылары келді. Мен [изолятор] әкімшілігін шақырып, 1 жыл 8 ай жаза берген үкім заңды күшіне енгенін айттым. «Қамауда ұстауға құқықтарыңыз жоқ» дедім. Олар онымен келісті. «Бұйрық келген жоқ. Сені босата алмаймыз» деді. Осыдан кейін құжатты біз өзіміз алып келдік. Сосын барып мені босатты, – деді ол.
ТАЛАП-АРЫЗҒА ҚАРСЫЛЫҚ
Қаржы министрлігінің өкілі соттан шағымды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Ол қылмыстық атқару жүйесі жауапты екенін айтты.
Қаржы министрлігі қойылған талап-арызды мойындамайды. Қаржы министрлігі қаржы бағдарламасының әкімшісі екені рас. Бірақ бұл бағдарлама бойынша өтемақы заңсыз қамалған, сотталған, үйқамаққа алынғандар үшін ғана қарастырылған. Яғни, азаматтық кодексте көрсетілген негіздер бойынша... Заңға сүйене отырып, шағымданушының моральдық өтемақы талап етуіне негіз жоқ деп есептейміз, – деді ол.
Келесі сот отырысы 13 маусымда өтеді. Сот тараптардан жарыссөзге дайындалуды сұрады.
СОТ ІСІ ЖӘНЕ САЙЛАУ
Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған. Оны полиция ауруханада жатқан жерінен алып кеткен. Оған дүрбелең кезінде оқ тиген. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқан.
2023 жылы Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген. Бірақ прокуратура шағым түсіріп, Алматының сайлау комиссиясы оны сайлаудан шеттеткен. Аумақтық сайлау комиссиясы бұны «тергеуге қысым жасаудан сақтану» деп түсіндірген. Сол кезде Маханбаев «президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады» деген айыппен істі болып жатқан.
Қосай Маханбаевтан өзге бұл іс бойынша 10 адам сотталған. Оларға Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «ғимаратқа басып кірді», «билік өкіліне күш қолданды», «әскери қызметкерді кепілге алды» деген айыптар тағылған. Сотталушылардың барлығы тергеу изоляторында азапталғандарын айтқан.