"Саяси міндет" - Бектенов Жұманғаринге бюджетке қатысты нақты тапсырма берді

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге бюджет профицитімен мәжіліске кіруді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Үкімет отырысы барысында Бектенов Жұманғаринге даму параметрлерін сақтай отырып, бюджет жобасын профицитпен әзірлеп, мәжіліске ұсыну туралы нақты тапсырма берді.

- Сізге саяси міндет жүктеймін – профицитпен кіру қажет, бірақ бұл даму бюджетінен бас тарту деген сөз емес. Енді есептеңіз, – деді Бектенов.

ШЫҒЫНДАР

Бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерін талқылау кезінде премьер-министр валюта бағамының шынайы көрсеткіштерін ескеру және жоспарланған шығындардың негізділігін мұқият қарастыру қажеттігін айтты.

ҚОСЫМША КІРІС КӨЗДЕРІ

Қосымша бюджеттік кіріс көздерінің қатарында салықтық әкімшілендіруді күшейту және салық реформасын енгізу аталды. Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл шаралар бюджетке қосымша шамамен 2 трлн теңге түсім әкелуі мүмкін.

БЕКТЕНОВ НЕГЕ НАЗАР АУДАРДЫ

Премьер-министр салық реформасының негізгі мақсаттарының бірі – бюджеттің кіріс бөлігін нығайту екенін атап өтті.

БҰҒАН ДЕЙІН

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан бюджетіндегі қиындықтар анық байқалатынын, еліміздің негізгі экспорттық өнімі – мұнай – арзандап жатыр және оның бағасы тіпті үкімет жанындағы отандық сарапшылардың ең пессимистік болжамынан да қатты төмендеуі мүмкін екенін жазған едік. 

"Көрпеге қарап көсілу керек" деген үндеу үнемі айтылып келеді, алайда оған үкіметтің өзі қаншалықты мойынсұнып отыр? Министрлер нақты неден үнемдеуді жоспарлап отыр және 2025 жылдың жаңартылған бюджеті қашан таныстырылады? Осы сауалдарды Ulysmedia.kz ұлттық экономика министрлігіне жолдаған еді.