«Біз тәрбиеші емеспіз»: ҚР СІМ Лос-Анджелестегі қазақстандықтарды эвакуацияламайды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Лос-Анджелесте болып жатқан тәртіпсіздіктерге қарамастан, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі аталған қаладан отандастарымызды эвакуациялауды жоспарлап отырған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Оның айтуынша, әр азамат өзінің қауіпсіздігі үшін өзі жауапты болуы тиіс.

Егер шетелде жүрген азаматымызға бірдеңе болса, әрине, біздің дипломаттар көмек көрсетеді. Ал Лос-Анджелестегі жағдайға келсек, ол жерде әскери қақтығыстар жоқ, әуежайлар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Онда кімді эвакуациялауымыз керек? Азаматтарымыздан ешқандай өтініш түскен жоқ, ешкім шағымданған емес. Егер біреуді ескерту керек десеңіздер, онда Америкада интернет жақсы жұмыс істейді ғой, – деді ол.

Біз әр азаматқа «мынадай істі істе, ананы істеме» деп айтып отыратын тәрбиеші емеспіз. Лос-Анджелеске бармас бұрын әр адам сол жақтағы жағдайдың қауіпсіз екеніне көз жеткізуі тиіс. Қазіргі уақытта ешкімді эвакуациялау жоспарда жоқ, – деп түйіндеді Смадияров.

КОНТЕКСТ

Лос-Анджелесте үшінші күн қатарынан иммиграциялық рейдтерге қарсы жаппай наразылық шаралары өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 100-ден астам адам ұсталды. Наразылар тас жолдарды жауып, дрондарды өртеп, полициямен қақтығыстарға түсті. Құқық қорғау органдары резеңке оқтар мен жарық-шулы гранаталар қолданған. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, өрт қоюға тырысқан 29 адам қамауға алынды.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп штат билігінің келісімінсіз қалаға 2000 ұлттық ұлан сарбазын жіберген. Бұл әрекет Лос-Анджелес губернаторы мен мэрінің қатты сынына ұшырады. Жергілікті билік федералдық күштердің араласуын жағдайды ушықтыратын арандатушылық деп бағалады.