АҚШ билігі иммиграциялық рейдтерден кейін басталған қақтығыстарға байланысты Лос-Анджелеске ұлттық ұлан күштеріне қосымша ретінде шамамен 700 теңіз жаяу әскерін жіберетінін растады. Кейінірек қалаға тағы ұлттық ұланның екі мың сарбазы жіберілетіні белгілі болды. Калифорния билігі мұны шешімді заңсыз деп атап, Дональд Трамп әкімшілігін сотқа берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ВВС орыс қызметіне сілтеме жасап.
AFP агенттігіне Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі ақпарат беріп, теңіз жаяу әскерін жіберу туралы шешім «федералды қызметкерлер мен ғимараттарға төнген қауіптің күшеюіне байланысты» қабылданған. Оның айтуынша, әскери қызметкерлер қалаға жақын маңдағы «Кэмп-Пендлтон» теңіз жаяу әскері базасынан жіберілген.
Әскери қолбасшылық таратқан мәлімдемеде теңіз жаяу әскері бұған дейін орналастырылған күштермен «біртіндеп үйлесе кірігіп», «Лос-Анджелес агломерациясы аумағындағы федералды қызметкерлер мен мүлікті қорғап жатқаны» айтылған.
Сондай-ақ, әскерилердің мәліметінше, құрамында ұлттық ұланның 2100 сарбазы мен 700 теңіз жаяу әскері бар 51-оперативтік топ «шиеленісті бәсеңдету, топты бақылау және күш қолдану ережелері» бойынша арнайы дайындықтан өткен.
КАЛИФОРНИЯ БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом теңіз жаяу әскерін Лос-Анджелеске жіберу шешімін президенттің «есі ауысқан қиялы» деп атады.
АҚШ-тың теңіз жаяу әскерлері демократияны қорғау жолында бірнеше соғыста абыроймен қызмет етті. Олар — қаһарман. Олар президент-диктатордың ессіз қиялын жүзеге асыру үшін өз отандастарымен соғысу мақсатында америкалық жерге жіберілмеуі керек, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Бұл — антиамерикандық әрекет, — деп қосты Ньюсом.
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет кейінірек X парақшасында билік «Гэвин Ньюсом мұны істемесе де, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорғауға міндетті» деп жазды.
Сейсенбіге қараған түні билік Лос-Анджелеске тағы ұлттық ұланның 2 мың қызметкерін жіберу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл туралы алдымен Ньюсом хабарлап, кейін Пентагон растады.
Президенттің бұйрығымен қорғаныс министрлігі Калифорнияның тағы 2000 ұлттық ұлан сарбазын федералды қызметке жұмылдырып жатыр. Олар ICE [Иммиграциялық және кедендік полиция] қызметін қолдау үшін тартылып, федералды құқық қорғау органдары өз міндеттерін қауіпсіз атқара алуы тиіс», — деді ведомствоның баспасөз хатшысы Шон Парнелл.
ЛОС-АНДЖЕЛЕСТЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР
Лос-Анджелестегі тәртіпсіздіктердің негізгі себебі – АҚШ-тың иммиграциялық және кедендік полициясы (ICE) жүргізген кең ауқымды рейдтер. Рейдтер барысында ондаған мигрант ұсталып, депортациялануы мүмкін деген қауіп қоғамда үлкен резонанс туғызды. Жергілікті тұрғындар, құқық қорғаушылар мен кейбір шенеуніктер бұл әрекетті адам құқықтарының өрескел бұзылуы деп бағалап, көшеге шығып наразылық білдірді.
Наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласып, кейбір жағдайларда құқық қорғау органдарымен қақтығыстар болды.