Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін түбегейлі өзгерткелі жатыр

Аян Өрібай
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігіне байланысты жауапты органдар мен жұмыс берушілерге нақты тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет басшысы “адам өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық. Сондықтан еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне негізделуі керек” дейді. Оның сөзінше, қазір өндірістік жарақат алу жағдайлары көбіне ескірген жабдықтар мен жаңа технологиялардың болмауынан туындайды.

Ерте ескерту және хабарлау жүйелері апат қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бірақ ең бастысы – бұл адами фактор. Жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын қатаң бақылауды ешқандай датчик алмастыра алмайды. Өкінішке орай, мұндай бақылаудың жеткіліксіз екенін айтуға тура келеді», – дейді Бектенов.

Қауіпсіздік техникасы қарапайым деңгейде де сақталмай жатқанына тоқталған Бектенов бұл салада әдістемелік бірізділік пен ақпараттық жүйелер арасындағы байланыстың жоқтығын сынға алды.

Әзірге, қолданыстағы әдістердің тиімділігі төмен болып отыр. Қарапайым қауіпсіздік техникасының талаптары ескерілмей жатады. Еңбекті қорғау шараларын ұйымдастыруда бірыңғай тәсіл, ал ақпараттық жүйелерде өзара байланыс жоқ. Сондықтан бір ғана Еңбек министрлігінің күш-жігері аз болады. Бұл барлық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен кәсіпорындардың бірлесіп атқаратын ауқымды жұмысына айналуға тиіс, – дейді ол.

Цифрлық бақылау жайлы

Олжас Бектенов еңбек заңнамасын бұзғандарға қарсы цифрлық мониторингті күшейтуді, ал өндірістегі қауіпсіздікті бақылау үшін нақты мерзіммен тапсырмалар беруді талап етті. Еңбек заңнамасының бұзылуына қатысты, оның ішінде кәсіпорындардың цифрлық картасын пайдалана отырып, мониторингті күшейту керек деп тапсырды.

Еңбек саласын цифрландыру бойынша тиісті шараларды қабылдау керек. Еліміздің қауіпті өндірістік объектілеріндегі жарақат алу жағдайларын анықтау мен есепке алу бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялауды осы жылдың 1-ші қарашасына дейін аяқтауды тапсырамын. Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші желтоқсанына дейін еңбекті қорғау саласындағы біртұтас цифрлық экожүйені құруды қамтамасыз етсін, – дейді ол.

Жұмыс берушілердің рөлін ерекше атап өткен премьер сақтандырудан бастап кәсіби тәуекелдерді басқаруға дейінгі халықаралық стандарттарды енгізуді тапсырды.

Еңбекті қорғау мәселесінде жұмыс берушілердің өздерінің рөлі мен қатысуы өте маңызды. Жұмыс берушілердің жұмыскерлермен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасуын қамтамасыз ету қажет. Жалпы, кәсіпорындарда жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесін белсенді түрде енгізу қажет, – деді Бектенов.

Сөз соңында Премьер министрліктер мен ведомстволарға мынадай тапсырмалар берді:

  • Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қарашасына дейін жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруын болдырмау бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеу;
  • Өнеркәсіп министрлігі жұмыс берушілермен бірге жыл соңына дейін өнеркәсіп орындары мен құрылыс секторында өндірістік қауіпсіздікті және еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қамтамасыз ету;
  • Төтенше жағдайлар министрлігі осы жылдың соңына дейін кәсіпорындарға өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізу.