Каспий теңізін тереңдету: Экологтар NCOC тарапынан қысым көріп жатқандарын айтты

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Экологтар NCOC өкілдері Каспийдің табанын тереңдету жөніндегі жобаны «жеке тәртіппен»талқылауды талап етіп отыр деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мамыр айының соңында Атырау облысында "Қашаған кен орнының нысандарын жайластыру" жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Жобаның бастамашысы Қашаған кен орнының операторы — NCOC компаниясы болды. Компания эколог, сарапшылар мен белсенділер тарапынан қатты сынға ұшырады, деп жазады azh.kz.

Сарапшылар пікірінше, теңіз табанын тереңдету жұмыстары судың ластануына алып келеді. Ол онсыз да жойылып кету қауіпі бар бекіре балықтарына зиянын тигізуі мүмкін. Бұдан бөлек, тереңдету кезінде пайдаланылатын жарық құралдары зоопланктондардың биоритміне кері әсер етеді.

Экологтардың сөзінше, қоғамдық тыңдаудан кейін оларға NCOC компаниясынан қоңырау шала бастаған. Олар бұны қысым деп бағалады.

Біз бұл қоңыраулардан қысым стратегиясын көріп тұрмыз. Қоғаммен жоба жұмысын өзгертуге байланысты ашық, әділ талқы өткізудің орнына, компания белсенділермен жеке-жеке сөйлескісі келеді. Бұл қоғамдық тыңдауға деген сенімді жоғалтады және ашықтық принципін бұзады, – деп мәлімдеді «Глобус» экология-құқықтық бастама орталысының атқарушы директоры Галина Чернова.

Қоғамдық таңдау қорытындысы бойынша экологтар бірнеше талап қойған. Олардың ішінде:

  • Қоғамдық тыңдауда айтылған ескертпелері қосып, жобаны толықтыруға жіберу;
  • Жаңартылған жоба бойынша қайтадан қоғамдық тыңдау өткізу;
  • Қателіктер түзелгенге дейін жағымды экологиялық сараптама қорытындыларын беруді тоқтату.