Екі мыңнан астам адам түрмеден шығады: мұның арты үлкен дүмпу туғызбай ма

Аян Өрібай
Ашық дереккөзден

Қазақстан түрмелерінен мыңдаған адам бостандыққа шыққаннан кейін қылмыс көбейіп, қоғамда дүмпу туғызбай ма? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Рақымшылық туралы заң жобасын қорғаған Абзал Құспанға қойды.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Абзал Құспан заң университетінде оқыған кезде кеңес тарихындағы әйгілі оқиғамен танысқанын, ол оқиға кейін мемлекеттерге үлкен сабақ болғанын айтады. 

Одан кейін СССР ғалымдары да, криминалистері де, Тәуелсіз Қазақстанның ғалымдары да міндетті түрде мұны сабақ ретінде ескерді. Біздегі рақымшылыққа байланысты ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыскерлер босатылмайды. Белгілі бір талаптар сақталған жағдайда олардың жазасы қысқаруы мүмкін. Сонымен қатар, онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағандар осы жолы босатылады. Оның ішінде егер қылмыс адам өліміне әкеп соқса босатылмайды, – деді депутат.

Жаңа заң бойынша рақымшылыққа 40 мың адамның 15 мыңы ілігуі мүмкін. Яғни әрбір үшіншісі. Бірақ 15 мың адамның ішінде тек 4,1 мыңын босату көзделген. Олардың көпшілігі пробациялық бақылауда тұрғандар. Ал босатылатындардың саны – 630 адамның төңірегінде. Оған қоса түрмеде жазасын толық өтеуге бір жыл ғана қалған 1700 адам да бостандыққа шығады.

Бірақ ол жерде тағы бір айта кетерлігі – қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл азаматтар мерзімінен босап шықса да, қатаң пробациялық бақылауда болады. Осы күнге дейінгі тәжірибе көрсетіп отырғандай бұл 10-шы рақымшылық акциясы. Рақымшылыққа ілігіп шыққандардың ішінде қылмыстың қайталануы жоқ деуге болады, – дейді Абзал Құспан.

“1953 ЖЫЛДЫҢ САЛҚЫН ЖАЗЫ”

1953 жылы 5 наурызда Сталиннің қайтыс болуы Кеңес одағында жаңа дәуірдің басталуына түрткі болды. Оның өлімінен кейін елдегі саяси тұтқындар мен жазықсыз сотталған миллиондаған адам үшін үміт оты қайта жанды. Сол жылдың көктемінен бастап, КСРО билігі ГУЛАГ лагерлеріндегі тұтқындарды жаппай босата бастады. Бұл кезең тарихта "жазалау жүйесінің жұмсаруы" немесе ресми түрде "Амнистия-1953" деген атпен қалған.

Наурыз айында КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының рақымшылық туралы жарлығы шықты. Нәтижесінде 1,2 миллионнан астам адам түрмеден босатылды. Ал 1953-1956 жылдары аралығында бұл сан 4 миллионға жетті. Алайда алғашқы амнистия негізінен қылмыстық баптармен сотталғандарға бағытталды. Ал саяси тұтқындар — «халық жауы», «тыңшы», «ұлтшыл» деп жала жабылған азаматтар біртіндеп, тек кейінгі жылдары ғана ақтала бастады.\

Бостандыққа шыққан халық бірден қалыпты өмірге орала алмады. Көпшілігі бұрынғы жұмысын да, үйін де таба алмады. Олар қоғамнан шеттетіліп, "сенімсіз" азамат ретінде қаралды. Ауылына оралғандардың кейбірі қайта қудалауға да ұшырады. Әсіресе Қазақстан сияқты «ішкі жер аудару» аймақтарында босап шыққан адамдарға деген бақылау мен сенімсіздік ерекше болды. 

Миллиондаған адам түрмеден босап шыққаннан кейін Ресей қалаларында қылмыс саны күрт өсті. Мәселен, Улан-Удэде кісі өлтіру қылмыс жаппай тіркеліп, түнде қала толық қылмыскерлердің билігіне өтті. Милиция бұған төтеп бере алмай, қалаға әскер кіргізілді. Коменданттық сағатта көшеде жүргендердің көбі оққа ұшты. Басқа қалаларда осындай жағдайлар болып жатты. 

Тарихтың осы беттері “53-ші жылдың салқын жазы” (Холодное лето 53-го) фильмінде сипатталған.