"Бұл – демократияға қарсы шабуыл". Айбек Барыс тәуелсіз БАҚ-қа жасалған қысымды айыптады

Сырым Қаржас
Vpk.name

Экономикалық Тәуелсіздік Қозғалысының көшбасшысы, Kazakhstan Paramount Engineering және Weapon Systems Engineering ЖШС негізін қалаушы Айбек Барыс еліміздегі тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қарсы әрекеттерге қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол кейінгі оқиғаларға қатысты пікірін айтуды міндеті деп есептейтінін айтты.

Айбек Барыс бұл оқиғаларды жай ғана жекелеген тұлғаларға бағытталған шабуыл емес, ашық қоғам мен әділеттілікке ұмтылысты әлсіретуге бағытталған әрекет ретінде бағалайды.

– Бұл – тәуелсіз БАҚ-қа қарсы қысым ғана емес, тұтас демократияға, ел дамуына қарсы бағытталған шабуыл. Арнайы ұйымдастырылған, белгілі бір топтың әрекеті. Мақсаты — ел ішінде билікке деген сенімге күмән туғызу, іріткі салу, – дейді Барыс.

Оның пікірінше, қазіргі реформалар нақты өмірді жақсартуға бағытталған. Олар әр азаматтың әл-ауқатын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтуға тиіс. Бұл жолда әр сала өз үлесін қосуы қажет.

—  Мемлекет қуаты — халықпен, ал халықтың күші — оның белсенділігінде, жауапкершілігінде және отанға деген адал ниетінде. Бүгін үнсіз қалу — болашақ алдындағы өз жауапкершілігімізден бас тарту. Бірлік, әділдік және ашықтық — біз үшін ең маңызды құндылықтар. Оларды бірге сақтап қалу — бәрімізге ортақ міндет, – деді қозғалыс көшбасшысы.

Ол қазақстандықтарды осындай қиын кезеңде тәуелсіз журналистерді қолдауға үндеді.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

Бұған дейін Orda.kz сайты рейдерлік жолмен тартып алынуы мүмкін екені, ал бас редактор қызметінен шеттетілетіні туралы хабар тараған еді. Бұл туралы басылымның негізін қалаушы Гүлнәр Бажкенова өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, шабуыл осыдан алты ай бұрын басталған. Содан бері басылым журналистері мен өзі қудалауға ұшырап, түрлі қысым мен қорқытуларға тап болған.

Elmedia сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваға да қысым жасалған. Ол өзіне және редакциясына жасалып жатқан шабуылдарды тау-кен комбинаты (ГОК) ісі бойынша материалдармен және компания құрылтайшысы Долгалевке қатысты сот ісімен байланыстырды.

Ал Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева «Қыздар» сайтынан басталған кибершабуылдан кейін полицияға жүгінуге мәжбүр болды. Ал басқа тәуелсіз журналистерге де қастық ойлағандар бар: Асхат Ниязов пен Вадим Борейко буллингке ұшыраған.