Қазақстанда мемлекеттік басқару тұжырымдамасы өзгерді: ол нені білдіреді

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Президент Жарлығымен елімізде 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы жаңартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2021 жылдың ақпанында алғаш рет қабылданған мемлекеттік басқаруды дамытудың тұжырымдамасы жаңартылды. Алғашқы құжат “Адамға бағытталған модель құру. Адам – бәрінен жоғары” деген ұранмен ұсынылған болатын.

Тұжырымдамада мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары көрсетілген:

“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидаты;

тиімді, есеп беретін, кәсіби әрі прагматикалық мемлекет қағидаттары.

ЖАҢА ҚОСЫМШАЛАР

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, тұжырымдаманың жаңа редакциясында бұл тізімге “Заң және тәртіп” қағидаты қосылған.

Тұжырымдама мақсаттарына жету үшін белгіленген 5 міндет:

  1. Клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппарат қалыптастыру;
  2. Оңтайлы әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру;
  3. Азаматтардың қажеттіліктеріне негізделген проактивті мемлекеттік қызметтерге көшу;
  4. Тиімді, оңтайлы және ашық квазимемлекеттік сектор қалыптастыру;
  5. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіру.

НЕ ӨЗГЕРДІ

Әшімбаевтың мәліметінше, бұған дейінгі нұсқада 9 міндет болған. Ал жаңа редакцияда кейбір бағыттар алынып тасталған. Олардың қатарында:

– стратегиялық және бюджеттік жоспарлау тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ реформаларды жүргізу;

– адами капиталдың сапасын арттыру және мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру;

– бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау;

– сот жүйесін және құқық қорғау органдарын сервистік модельге көшіру бағытындағы трансформация бар.