Түркістан облысында аптаптан жайылым құрғап, мал қырыла бастаған

Сырым Қаржас
Көрнекі сурет: ntv.com.tr

Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауына байланысты Түркістан облысының бірнеше ауданында жайылымдар құрғап кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Шаруалар шығын көлемін әлі есептеп жатыр, дегенмен қазірдің өзінде бірнеше ондаған ірі қарадан айырылғандарын айтуда. Бұдан бөлек, олар шөп бағасының күрт қымбаттап кеткеніне шағымдануда. Almaty TV мәліметінше, бұл факторлардың барлығы өңірдегі мал шаруашылығымен айналысуды айтарлықтай қиындатып отыр.

Зардап шеккен аудандардың тұрғындары шөп бағасын төмендетуді және қосымша жайылымдар беруді сұрайды. Алайда аудан әкімдігінде бұл жағдайды «қалыпты құбылыс» деп сипаттаған.

Бұл ретте қуаңшылық тек мал шаруашылығына ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы саласына да кері әсер еткен. 190 гектар егістік алқаптың шамамен 10%-ы пайдалануға жарамсыз болып қалған.

– Енді малдың жейтін ештеңесі жоқ. Шегіртке шөптің жарамсызын түгел жеп қойды. Қалғанын көрші ауылдың малы жайып кетті. Енді өз малымызға ештеңе қалмады, – дейді фермер Хаким Камбаров.

– Малымыз қатты арықтап кетті. Қазір оны етке де өткізе алмаймыз. Әр үйден он шақты қой қырылып қалды. Ештеңе сатып, пайда таба алмай отырмыз. Жаздың әлі алғашқы айы ғана. Алда не боларын елестету де қиын, – дейді фермер Мирали Тасқұлов.

ШЕНЕУНІКТЕР НЕ ДЕЙДІ

Келес ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі бұл жағдайға байланысты ешқандай өтемақы қарастырылмайтынын мәлімдеді. Себебі өтемақы тек төтенше жағдай жарияланған жағдайда ғана төленеді.