Қазақстанда инфляция өсті. Қымбатшылық рейтингінде Алматы көш бастап тұр

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Ұлттық Банк мамырда елде инфляция мөлшері өскенін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш өткен айда 11,3 пайыз болған. Сәуірде ол 10,7 пайызды құраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жылдық инфляция 16 аймақта өскен. 3 аймақта баяулап, 1 аймақта бұрынғы мөлшерін сақтаған. Инфляцияның ең көп өсімі Алматы қаласында тіркелген. Ол 13,0 пайызды құраған.

Мамыр айында азық – түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 9,6% - ға дейін өсті (сәуірде-8,5%). Осы топтың тауарлары бағасының ең жоғары өсуі Ақмола облысында (11,4%), ал ең төмені – Алматы қаласында (8,0%) тіркелді. Мамыр айында азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі жылдық мәнде 9,0% - ға жетті (сәуірде-8,9%). Ең жоғарғы мән Түркістан облысында (14,2%), ең төменгі мән Павлодар облысында (5,4%) тіркелді, – делінген хабарламада.

Ақылы қызметтердің құны мамыр айында жылдық мәнде 16,0% – ға өскен.  Сәуірде ол 15,7 пайыз болған. Сонымен қатар, бағаның өсуі жалпы республикалық деңгеймен салыстырғанда Алматы қаласында едәуір жоғары, 22,5 пайыз. Алматы облысында (11,3%) айтарлықтай төмен. Мамыр айында ел бойынша айлық инфляцияның өсуі 0,9 пайызды құраған.

Бұған дейін Қазақстанда инфляция бойынша болжам нашарлағаны хабарланған болатын.