Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Шойгу бір айда екінші рет Солтүстік Кореяға барды

Ulysmedia
Фото: всеостройке.рф

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу бір айда екі рет Солтүстік Кореяға барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, Шойгу бұл жолғы сапарында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесіп, келіссөздер жүргізеді.

«Ренхап» агенттігі Сергей Шойгудың сапары екі елдің жан-жақты серіктестік туралы келісімге қол қойғанына бір жыл толуына орайластырылғанын жазды. Агенттік осы сапар барысында Ким Чен Ынның Ресейге сапарына дайындық жүріп жатуы мүмкін деп те тұспалдайды. Бірақ ол сапар ресми түрде жарияланбаған.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Пхеньян мен Мәскеу серіктестігі нығайған. Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ беріп, бірнеше мың сарбазы Курск облысында Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысқан.

Солтүстік Корея ядролық және зымыран бағдарламасын дамытқаны үшін халықаралық деңгейде қатаң санкцияға ұшыраған. Санкциялардың бір бөлігін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде Ресей де қолдаған. Бірақ Украинадағы соғыстан кейін көптеген санкцияларды орындаудан бас тартқан.