16 млн қазақстандықтың жеке дерегі тараған: министр отставкаға кете ме

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің тарап кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Мәдиев тарап кеткен жаңа деректер емес екенін айтады. Оның сөзінше, қазір талдау жүргізіліп жатыр. Сарапшылар жұмыс істеп жатыр. 

- Мемлекеттік деректер базасы бұзылған жоқ. Бұл – бұрын тарап кеткен тарихи деректер болуы мүмкін. Қазір олар даркнетте қолжетімді. Кейбір Telegram-арналарда жарияланған сәтте біз оларды бұғаттап отырамыз. Бұл деректерде аздаған жаңартулар болған. Аталған мәліметтер 2024 жылдың 1 мамырына дейінгі кезеңге жатады. Жаңа ауқымды деректер тараған жоқ. Арасында аты-жөні, ЖСН, телефон нөмірі сияқты деректер жария болып кететін жағдайлар кездесіп тұрады. Мұндай деректер ашық қолжетімді болған кезде біз дереу шара қолданамыз, дейді министр. 

Ұлысмедиа тілшісінің “деректер сіздің кезіңізде тарап кетпеді ме?” деген нақтылау сұрағына министр “жоқ” деп жауап берді. 

МИНИСТР БҰЛ ЖАЙТТАН КЕЙІН ОТСТАВКАҒА КЕТУІ МҮМКІН БЕ

Сонымен қатар, Ұлысмедиа тілшісі министрден “бұл жағдай отставкаға кетуіне себеп болмай ма?” деп сұрады. 

- Бұл – дерек жай ғана таралған жағдай, деректерді бұзып алу да, хакерлік шабуыл да емес. Бұл — бір кездері тарап кеткен деректер базасы. Кейін белгілі бір тұлғалар сол мәліметтерді жинақтап отырған, дейді Мәдиев. 

КОНТЕКСТ

16 маусымда Telegram-арна SexuriXy.kz қазақстандықтардың жеке деректері тағы да жаппай тарағаны туралы хабарлады. Архивтік файлда азаматтардың аты-жөні, жынысы, туған күні, ЖСН, байланыс нөмірлері (ұялы, жұмыс, үй), азаматтығы, ұлты және мекенжайы қамтылған.