Солтүстік Корея Ресей аймағын минадан тазартуға сапер және әскери құрылысшылар жіберетін болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САПЕР, ӘСКЕР, КЕЛІСІМ
Пхеньянға сапарлап барған Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесіп, Ресейдің Курск облысында «қираған инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін 5 мың әскери құрылысшы және минадан тазартуға 1000 сапер жіберуге келісті.
Курск облысының губернаторы Александр Хинштейн маусым басында аймақта шамамен 5 мың гектар жер миналанғанын айтқан. Бұл – облыс жерінің алтыдан бір бөлігі. Оның сөзінше, 8% минадан тазартылған.
Сейсенбі күні «Ресей поштасы» Солтүстік Кореяға сәлемдеме-хаттарды жіберуді қалпына келтірілгені хабарланды. Бұған қоса, 17 маусымнан бастап Мәскеу мен Пхеньян арасында темір жол қатынасы қалпына келтірілген.
Сергей Шойгу Солтүстік Кореяға кейінгі үш айда үшінші рет сапармен барған. «Ренхап» агенттігі Сергей Шойгудың сапары екі елдің жан-жақты серіктестік туралы келісімге қол қойғанына бір жыл толуына орайластырылғанын жазды. Агенттік осы сапар барысында Ким Чен Ынның Ресейге сапарына дайындық жүріп жатуы мүмкін деп те тұспалдайды. Бірақ ол сапар ресми түрде жарияланбаған.
СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ЖЫЛЫМЫҚ
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Пхеньян мен Мәскеу серіктестігі нығайған. Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ беріп, бірнеше мың сарбазы Курск облысында Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысқан.
Солтүстік Корея ядролық және зымыран бағдарламасын дамытқаны үшін халықаралық деңгейде қатаң санкцияға ұшыраған. Санкциялардың бір бөлігін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде Ресей де қолдаған. Бірақ Украинадағы соғыстан кейін көптеген санкцияларды орындаудан бас тартқан.