«Күдікті шетел азаматы»: Түркістан облысында өлтірілген 16 жастағы қыздың ісі жайлы министр не дейді

Ulysmedia
© Sputnik / Санат Имангалиев

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, өлтіріп кеткен оқиғаға байланысты журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

МИНИСТР ЖАУАБЫ

Министр қылмысқа қатысы бар бір адам ұсталғанын айтты. Сөзінше, ол шет ел азаматы. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Шетелдік күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оның барлығын содан кейін айтамыз, – деді ол.

ОҚИҒАНЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

6 маусымда Түркістан облысының Төрткүл ауылында 16 жастағы қызды зорлап, өлтірді деген ақпарат тараған. Кейіннен бұл оқиғаны облыстық полиция департаменті де растаған.

 6 маусым күні сағат 07:05-те Түркістан облысы Төрткүл ауылында қыздың мәйіті табылды. Ол колледждің 1-курс студенті. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аясындағы өзге де ақпарат жария етілмейді, – деген полиция.

Марқұм жергілікті дүкенде жұмыс істеген. Оқиға болған күні үйіне қайтып бара жатқан.

БҰҒАТТАЛҒАН ИНТЕРНЕТ

«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желідегі парақшасында ауыл адамдарының Төрткүлде осы оқиғадан соң интернет пен байланыс өшірілді деген хаттарын бөліскен. Сол уақытта интернет пен байланыстың шектелуі жанжалдың алдын алу мақсатында жасалған болуы мүмкін деген болжамдар айтылған. Бұған дейін осыған ұқсас оқиғалар болған кезде аймақта дүрбелең болып, күзет күшейтіліп, интернет істемей қалған жағдайлар болған.

Төрткүл ауылы Түркістан қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан. Ауылда жеті мыңға жуық адам тұрады.