Қазақстанда мал есебі дұрыс жүргізілмейді – аудиторлар

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Сенат Үкіметтің 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын қаралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СМАЙЫЛОВ НЕ ДЕЙДІ

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған дейін мәжілістің жалпы отырысында талқыланған кемшіліктер мен құқық бұзушылықтардан бөлек бірқатар салаға қатысты нақты мысалдар да талқыланған. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында кәріз-тазарту құрылыстарының тозуы туралы деректерде қателіктер анықталған. Бірқатар өңірде жергілікті атқарушы органдар тазарту құрылыстары жоқтығына қарамастан кәріз желілерін салуды жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесінде ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру және есепке алу дұрыс жүргізілмейді. Алайда дәл осы жүйе – мемлекеттен қолдау алу үшін жануарлардың бар-жоғын растаудың негізгі көздерінің бірі, – дейді ол.

АУЫЛДАР ИНТЕРПЕТПЕН ҚАМТЫЛМАҒАН

Смайылов сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата былтыр атап өткен ұлттық жобалардың мақсаттарына қол жеткізбеу тәуекелдері әлі де өзекті екенін айтады. Атап айтқанда, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының көрсеткіштеріне толық қол жеткізбеу салдарынан жоспарланған 860-қа жуық ауылдың 750 мыңнан астам тұрғыны интернетпен қамтамасыз етілмеген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасын іске асыру қарқынының төмен болуына байланысты жоспарланған денсаулық сақтау объектілерінің небәрі 65%-ының құрылысы аяқталған.

Анықталған барлық кемшілік бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Олардың орындалуын Жоғары аудиторлық палата қатаң бақылайды, – дейді ол.