Ресей шетелде жаңа ғарыш айлақтарын салу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Роскосмос» Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдермен ғарыш айлақтарын салу жөнінде келіссөз бастағанын хабарлады.
Ресейдің мемлекеттік корпорациясы – «Роскосмос» Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі елдермен өз аумақтарында екі ғарыш айлағын салу туралы келіссөздер бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы корпорацияның басшысы Дмитрий Баканов мәлім етті.
Алайда ол нақты қай елдер туралы сөз болып отырғанын ашып айтудан бас тартты.
«Азия-Тынық мұхиты аймағындағы екі елдің атауын атамай-ақ қояйын. Бұл елдер Ресеймен бірігіп екі ұшыру кешенін, екі ғарыш айлағын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Әзірге біз қол алысып, нақты келісімге келетін деңгейде емеспіз, сондықтан олардың атын жарияламаймын», – деп келтіреді Бакановтың сөзін 1.ru.
Бұған дейін Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Ресейдің Байқоңырды жалға алу шарттарына өзгеріс енгізу мәселесі жөнінде пікір білдірген еді. Оның айтуынша, 2050 жылға дейін Байқоңырды жалға беру шартын қайта қараудың қажеттілігі жоқ.