БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған соққыларына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Гутерриш Америка Құрама Штаттарының Иранның үш ядролық нысанына жасаған соққысын “қауіпті шиеленіс” және “халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген тікелей қатер” деп атады.
Ол әлеуметтік желі X-тегі парақшасында өзін АҚШ-тың Иранға қарсы күш қолданғанын алаңдатып отырғанын жазды.
— Бұл — жағдайы онсыз да күрделі аймақтағы өте қауіпті шиеленіс. Бұл жағдай халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке тікелей қатер төндіріп отыр. Қақтығыстың бақылаудан шығып, бейбіт тұрғындарға, тұтас өңірге және дүние жүзіне ауыр, орны толмас салдар әкелу қаупі артып келеді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жағдайды ушықтырмай, керісінше, саяси сабырмен шешуге және БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық талаптарын бұлжытпай орындауға үндеймін. Осындай қауіпті кезеңде әлемді аласапыран мен бейберекетсіздікке ұрындыратын жолдан аулақ болған жөн. Бұл түйткіл әскери жолмен шешілмейді. Алға бастайтын жалғыз жол — дипломатия. Үміттің жалғыз оты — бейбітшілік, — деді БҰҰ бас хатшысы.
21 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық инфрақұрылымына қарсы әскери операция басталғанын мәлімдеген еді. АҚШ әуе күштері Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы нысандарға соққы жасады. Ақ үй басшысы негізгі соққы Фордо нысанына бағытталғанын айтты, сондай-ақ ол АҚШ әскерилеріне алғыс айтып, олардың әрекетін “тарихи” деп атады.
Кейінірек Иран АҚШ әуе күштерінің ядролық нысандарға жасаған шабуылына жауап қайтарды.
АҚШ Демократиялық партиясының өкілі Александрия Окасио-Кортес президент Дональд Трампқа импичмент жариялауға шақырды.
Қазақстан CІМ АҚШ-тың Иранға соққысына қатысты мәлімдеме жасады.
Ал сарапшылар мұнай бағасы көтеріліп, инфляция өсіп, инвесторлар қауіпсіз активтерге жаппай бет бұруы мүмкін екенін ескертіп отыр.