Қара Ертісте үш адам суға батып кетті: олардың денесі табылмай жатыр

Сырым Қаржас
Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті

Шығыс Қазақстан облысында Қара Ертіс өзеніне үш адам батып кетті. Іздестіру жұмысына құтқарушылар, еріктілер мен арнайы техника тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

2025 жылғы 21 маусымда Марқакөл ауданына қарасты Боран ауылынан 5 шақырымдай жерде орналасқан Қара Ертіс өзенінде үш адамның суға кеткені туралы хабар тарады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, суға түсуге тыйым салынған орында жасөспірім суға батып бара жатқан. Оны құтқаруға тырысқан екі ересек азамат ағысқа төтеп бере алмай, өздері де суға кеткен.

Барлығы Зайсан ауданының тұрғындары екені анықталды.

ІЗДЕСТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Қайғылы жағдайға байланысты Зайсан ауданы әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды.

Қазіргі таңда іздестіруге:

  • 10 қайық;
  • бір дрон;
  • жеті автокөлік;
  • Өскемен, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарынан құтқару қызметтері мен Боран ауылындағы гидробекет мамандары тартылған.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда 17 жастағы дзюдошы суға батып кеткен еді.