Ресейдегі жанармай құю бекеттері желісінің иесі жергілікті бензин сапасын Қазақстандағы бензинмен салыстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресейдің көптеген көлік жүргізушісі елде жанармай сапасы төмен деп есептеп, октан саны жоғары немесе арнайы қоспалары бар отын түрлерін таңдауға тырысады. Алайда жанармай құю бекеттері желісінің иесі бензин таңдаудағы басты фактор – экологиялық стандарттар екенін алға тартады.
Ресейде бензин құрамындағы күкіртке қойылатын талаптар күшейтілген. Соның арқасында бұл компоненттің мөлшері халықаралық маркалардағыдай дерлік нөлдік деңгейге дейін азайған. Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанмен салыстырғанда Ресейде Евро-5 стандарты енгізілген.
Отын сапасының негізгі аспектісі – оның экологиялық талаптарға сай келуі. Қазір Ресейде еуро-5 стандарты кеңінен қолданылады. Бұл стандарт күкіртсіз әрі жоғары сапаға кепілдік береді. Ал еуро-2 стандарты іс жүзінде қолданыстан шығып қалған, себебі ол заманауи қозғалтқыштарда ақаулар туындатуы мүмкін. Қазақстанда бензин бағасы Ресеймен салыстырғанда екі есе арзан, бірақ ол жақта әлі де ескірген еуро-4 стандарты қолданылады. Бұл – шикізатты тазарту деңгейінің нашар болуына байланысты заманауи көліктер үшін қолайсыз отын, – дейді naavtotrasse.ru авторы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Еуропа елдері арнайы қоспалармен ерекшеленетін еуро-6 стандартына көшіп жатыр.